Рио Олимпиадасында 63 килоға дейінгі салмақта қола медаль алған ауыр атлет Карина Горичеваға өзі оқыған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұжымы құрмет көрсетті. Олимпиада жүлдегерін Ел мерейін тасытқан түлекті университет ректоры Динар Нөкетаева бастаған оқытушылар мен студенттер тобы құшақ жая қарсы алды.
Карина ауыр атлетикамен 15 жасынан бері айналысып келеді. Мықты спортшы жастар арасындағы әлем чемпионаттарының күміс және қола, Қазанда өткен Бүкіләлемдік универсиаданың күміс, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола медальдарын алған.
Қыздар университеті спорттың қай түрінде болмасын белсенді. Университет командасы «Әйелдер денсаулығы» қалалық олимпиадасының екі дүркін чемпионы. Студенттік жатақханаларда фитнес-залдар жұмыс істейді. Өткен жылы үлкен «Аққу» жүзу бассейні пайдалануға берілді.
Сонымен, соңы концертке ұласқан кездесуде Олимпиада жүлдегері студенттерге өз қолтаңбасын беріп, естелік суретке түсті.
Арулар ордасының жазғы алаңында сән-салтанатпен өткен оқиғада спортшы қызға тегін оқыту сертификаты – ректор гранты тапсырылды. К.Горичева енді психология мамандығы бойынша да білім алатын болады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ