• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
16 Қыркүйек, 2016

Әкімге айтар арызым бар...

377 рет
көрсетілді

Мынандай жағдай болды. Қызылор­даңызда. Кейінгі үш жыл бойына аймақ бас­шысы маңдайын күн, табанын құм сүй­ген ауыл балаларының Ресейде білім алуына жол ашып, облыс әкімінің грантын тағайындады. Арал мен Жаңақорғанның арасында өскен барлық жас өрен Мәскеу мен Санкт-Петербордағы маңдайалды білім ордаларында оқуға мүмкіндік алды. Міне, осы жерде бір ыңғайсыз жағдай туды. Әлдебір ата-ана Қырымбек Көшербаевтың атына хат жазыпты. Онда облыс әкімі гранттарының әділетсіз бөлініп жатқаны баяндалыпты. Содан едел-жедел тексеру жұмыстары басталып кетті. Расында да, өте ыңғайсыз жағдай еді. Оқуға талапты, білімге құштар, ынтасы зор, бірақ мүмкіндігі жоқ жастың бағын ашатын бағдарламаны орта жолдан кейбір пысықайлар пайдаланып кетіп жатса, қалайша ыңғайсыз болмасын? Оқиға орнына облыстық жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасының басшысы Марат Делмұханов жіберілді. «Не анықталды?» деңіз. Сөйтсе, ештеңе де болмаған. Баласы оқуға ілінбей қалған бір кісі ашумен хат жаза салған. Артынан кешірім сұрап, ағаттық жасағанын мойындады. Ет қызуымен жалған сөйлегенін айтқан. Онысын хатқа да түсіріп берген. Бұл біз куә болған бір ғана жағдай. Бір хаттың өзі қаншама адамды сарсаңға салып, қауырт жұмыстың бәрі бір сәтке дамылдап, соның ақ-қарасын анықтауға уақыт ысырап етілді. Ақырында, ештеңенің бұзылмағаны анықталды. Ал бұл облыс әкімдігіне келіп жатқан жалғыз хат емес қой. Содан қызы­ғу­шылығымыз оянды: соңғы жарты жыл­дықта аймақ басшысының атына қанша хат түсті, қай салаларға жұрттың көңілі толмайды? Осы ойдың жетегінде жүріп мынадай деректерге жолықтық. Биылғы алғашқы алты айда Қызылорда қа­ла­сы мен жеті аудан тұрғындары­ның аты­нан жаз­баша 1110 хат түсіпті. Ең көп хат жаз­­­­ған об­лыс орталығы. 707 хат. Қала­да ха­­лық­­­­­т­­ың көп екенін ескерсек, мұны түсі­ну­ге бо­­ла­­ды. Ал ең аз хат жаз­ған аудан – Қар­­­­мақ­­­шы. Бар-жоғы 26 адам ғана об­лыс әкім­­­­ді­­гі­не қа­­рай арман-тіле­гін аттан­дыр­ған екен. Жал­а­ғаш пен Жаңа­қор­ған аудан­дары Қар­­мақ­­­шы­­­дан екі-ақ хатқа артық. Қалған аудан­­дар­­­­дың тізбегі былай жал­ғ­асады: Сыр­да­рия – 30, Қазалы – 40, Шиелі – 54, Арал – 59 хат. Со­ны­мен қатар, респуб­лика­ның өзге ай­­­­мақ­­­тары­­­нан да хаттар келе­ді екен. Олар­дың саны – 138. Сонымен аймақ бо­йын­­ша ең көп өті­ніш айтатын немесе арыз­д­а­на­­тын жә­не аз хат жазатын аймақ­тар­ды біл­дік. Ен­ді «ха­­­лық­­ты қандай мәсе­ле­лер тол­­ған­­­ды­ра­д­ы?» де­ген сауалдың төңірегінде сараптап көрейік. Басты мәселе – баспана. Үйлі болып, күйін жақсартуды ойлаған 203 адам өтініш айтыпты. Қай кезде, қай өңір­де де баспана мәселесі халықтың негізгі бас ауруы ғой. Әсіресе, қазақтың баспа­наға келгендегі қайғысы бөлек. Қасым ақын­ның өзі «Бермесең, бермей-ақ қой бас­панаңды, Сонда да тас­тамаймын астанамды» деп жырлағанда, өзге жұртқа не дейсің? Сондықтан бұл – өзектілігін жоймаған дүние. Жұмыспен қамту мен әлеуметтік қамсыздандыру да халықты аз толғандырмайды. Екі қолға бір күрек тауып, нәпәқасын айырғысы келетін адамдар жеткілікті. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан берілетін түрлі әлеуметтік көмекті алуға да жұрттың ынтасы аз дей алмаймыз. Бұл тарапта облыстық әкімдікке 194 хаттың түскені сөзімізді айғақтай түсетін шығар. Қалада тұратын халықтың коммуналдық шаруашылыққа шағым айтпай тұрмайтыны да ақиқат. 151 адам осы мәселені қозғапты. Жер мәселесіне 72 адам өтініш түсіріпті. Қызмет бабын теріс пиғылда пайдаланғандардың үстінен 61, заңдылық және құқықтық тәртіптің сақталмауы туралы 56 арыз келген. Білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті қол­дау секілді салаларға қатысты келген хат­тар шамалас. Бірақ аса көп емес. Деректерді қарап отырып, біз мынаған таңқалдық. Жарайды, Қызылорданың экономикасы мұнай мен уранға байланып тұр. Дегенмен халықтың негізгі күн көрісі ауыл шаруашылығы саласы емес пе? Ерте көктемнен қоңыр күзге дейін белі бүгіліп, жерден несібесін айырып, таңның атысы, күннің батысы демей еңбектенетін жұрт көп еді ғой. Ендеше, бұл тарапта неге өтініш аз? Алты айда бар-жоғы 8-ақ өтініш келген екен. Соған қарағанда, Қызылорда облысында ауыл шаруашылығына қатысты берілетін субсидиялар мен қаражаттар дер кезінде бөлініп, жұмыс іркіліссіз жүріп жатыр-ау деген ой түйеміз. Әйтпесе, халқының басым бөлігі ауылда тұратын, ауыл шаруашылығымен айналысатын аймақта өтініштің саны бұдан көп болуы керек. Жалпы алғанда, 800 мыңға жуық халқы бар облыстың алты айда 1110 тұрғыны ғана арыз не өтініш жазғанын көп дей алмаймыз. Хаттардың сырын қысқа қайырғанда осындай. Кеңестік кезеңде «әр хаттың сыртында адам тағдыры тұр» деген ұстаным болатын. Біз осы хаттардағы мәселелердің қан­шалықты орындалғанын да білдік. Әрбір хат тиісті жауабын алып, шешімдер қабылданған. Ешқайсысы қараусыз не назардан тыс қалмаған. Бұл да көңілге қуаныш сыйлады. Сонымен бір ғана арыздан шығып кеткен азғантай ғана зерттеуіміз осымен тәмам. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы