• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
16 Қыркүйек, 2016

Мақсат – түзу жолға түсіру

829 рет
көрсетілді

Елімізде алғаш рет «Пробация туралы» дербес заң қабылданбақ. Бұл – Мемлекет басшысының Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының 33-қадамын жүзеге асыру бағытында қолға алынған жұмыстардың нақты нәтижесі. Құқықтық әрі зайырлы ел ретінде еңсе тіктегелі бері ұлттық заңнамамызға оң өзгерістер енгізіліп келеді. Қол жеткізген жетістіктеріміз де аз емес. Соның бір айғағы – жаңа заңға арқау болған пробация қызметінің кең үрдіс алғаны. Осы мәселе төңірегінде бізге ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары, әділет генерал-майоры Мейрам АЮБАЕВ айтып берді. – Мейрам Ақатұлы, таяуда Астанада «Пробация туралы» заң жобасын талқыға салған халықаралық дөңгелек үстел өтті. Бір байқағанымыз, басқосу барысында жобаға қатысты халықаралық сарапшылар тарапынан жасалған ескертулер көп екен. Осы жөнінде не айтар едіңіз? Жалпы, заң жобасын халықаралық деңгейде талқыға салудың қажеттілігі қанша? – Бұл шараға біз Ұлыбритания, АҚШ, Нидерланд, Ресей Федера­циясының білікті мамандарын арнайы шақырдық. Өйткені, онда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есе­бінде тұрғандарды әлеуметтік оңалту мәселелері қозғалды. Оның үстінде, бұл пробация қыз­меті шетелдік тәжірибеден алын­ған. Сол себепті заң жобасына қол қойылмай тұрып, бізге халық­аралық сарапшылардың кеңес­теріне құлақ түрген артықтық етпейді. – Заң жобасын дайындау барысында қай елдердің тәжіри­белері негізге алынды? Дәл осы елдерді таңдаудағы себеп неде? – Біз пробация моделінің негі­зін нақты бір елден ғана алған жоқпыз. Шетелдік тәжірибені зерттей келе бұл саланың құрылымы тым күрделі әрі әр алуан екенін байқауға болады. Пробация қызметінің бақы­лауын­да тұрған сотталған­дардың санаттары да түрліше. Олардың ішінде шартты түрде сотталғандар да, үкімдерінің орындалуы кейінге шегерілгендері де, шартты түрде мерзімінен бұрын боса­тылғандар да, сондай-ақ, қа­таң бақылауға алынғандары (электронды мониторинг) да бар. Кей елдерде бұл қызмет қоғам­дық және түзеу жұмыстары түрін­дегі жазаларды орындайды. Пробация қызметі құрылымының сан ­алуандығын мемлекеттік басқару ор­гандарының ерекшелігі, өзін­дік құқықтық дәстүрі, жаза түр­лерінің айырмашылығымен де түсіндіруге болады. Әр елде бұл ұғымдар әртүрлі. Сол себеп­ті де әр елде пробацияның модель­дері де әр қилы. Мысалы, Ұлы­британияда іске қосылған сотқа дейінгі, шартты үкімдік және постпенитенциарлық пробация түрлерін осы елдің ІІМ бақылауына алған. Ал АҚШ, Поль­ша, Чехия мен Словакия секілді мем­­лекеттерде бұл қызмет Әділет министрлігіне қарайды. Пробация қызметінің басты ба­ғыты – құқық бұзушы мен қыл­мыстық профилактиканы қайта әлеуметтендіру, сондай-ақ, мемлекет бюджетін үнемдеу болып табылады. – Пробация туралы еліміз ең алғаш рет 2010-жылдары ести бастады. Ізгілік пен қам­қор­лық қағидатын ұстанған бұл қыз­меттің нақты нәтижесі қандай? – Жалпы, пробацияға қатысты жұмыстар 2010 жылдан бері жүр­гізіліп келеді. Қазақстан Респуб­ликасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге ар­налған құқықтық саясат тұжы­рымдамасы бекітілгелі бері бұл бағыттағы жұмыстар жос­парлы әрі жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтсақ, бір жыл­ғы қарқынды жұмыстан кейін 2012 жылы ақпан айында Қыл­мыстық атқару инс­пекция құрамында пробация қызметі бөлімдері құрыла бастады. Бұл бөлім мамандарының міндетіне шартты түрде сотталғандарды бақылау ғана емес, сондай-ақ, құқықтық көмек көрсету де енді. Нәтижесі жаман емес. Соттал­ғандардың қайта қылмыс жасау санының бірнеше есеге азаюы соның айғағы. Сырт көзге пробация жүйесі жазасын өтеушілерге белгіленген тым жеңіл жаза түрі болып көрінуі мүмкін. Бірақ шынында осы жүйенің арқасында қаншама адам тәртібін түзеп, келесі жо­лы қыл­мыс жасамау­ды толық түйсінеді. Пробацияның тек екі моделін қолдану арқылы қайта жасала­тын қылмыстарды азайтуға қол жеткіздік. Қазіргі таңда бұл қыз­меттің тиімділігін одан әрі жандан­дыру, сондай-ақ, пробация қызме­тінің жаңа моделін құру бойынша жұмыстар жалғастырылып келеді. – Сотқа дейінгі пробация мен пенитенциарлық пробацияның аражігін ажыратып айтсаңыз. Заң жобасында айтылатын «сот­қа дейінгі баяндама» деген не? – Пробация қызметінің басты көздегені – шартты түрде бас бос­тандығынан айырылғандарға әлеу­меттік-құқықтық, психо­логиялық, медициналық көмек көрсету ар­қылы олардың қайта қылмыс жасауларына жол бермеу. Өмір болған соң, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Ал сотты болып жазасын өтеп жүрген­дерді өмірге қайта бейімдеудің мәні зор. Өйткені, сотқа дейінгі пробацияның негізгі мақсаты – қылмысқа барған адамның әлеу­меттік маңызды байланысын сақтап қалу болып табылады. Ал сотқа дейінгі баяндама қыл­мыстық қудалау органдары, сот өтініші бойынша жасалады. Бұл құжат сотталушының жеке мі­нез-құлқын толықтай ашып бе­реді. Сондай-ақ, оған қатысты бас бо­стандығынан айыруға балама жаза түрлерін қолдануға мол мүмкіндік туады. Аяғын шалыс басып, сүрінген адам үшін осының өзі түзеу, оң жолға салу. Егер сот бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарса, пени­тенциарлық про­бация қолданылады. Бұл кезде пенитенциарлық пробация қызметкері сотталғанды үкім шыққан күннен бастап қо­ғамға қайта бейімдеуді қолға алады. Қазіргі таңда жазасын өтеп жатқандарды әлеуметтік қай­та бейімдеуге бағытталған ар­найы бағдарлама дайындалуда. Бағ­дарламада сотталғандарға әлеу­меттік-психологиялық кө­мек көрсетумен қатар, білім беру, кәсіп үйрету кешені қарас­тырылған. Темір торда тел­міріп, торығып отырғанша ор­та және кәсіби техникалық білім алып, бір кәсіптің қыр-сы­рын үйрену сотталғандардың ертең бостандыққа шыққанда да бос­қа сенделмей, қоғамда өз орнын тауып кетуіне сеп болары анық. Осының бәрі, тіпті, абақ­тыда отырған кездің бәрінде сотталғандарға психологиялық көмек беру тәртібі қазіргі қыл­мыс­тық атқару заңнамасында толық­тай жазылған. Алайда, түрме телі-тентекті тезге салып, түзу жолға түсіре ме? Мә­селе осында. Жасыратыны жоқ, жұрт түрме тіршілігін көріп келген жанға күдікпен қарауын қойған емес. «Сотталып келген» деген сүрең сөз соңынан сүй­ретіліп, бо­йын тіктер кезде ая­ғынан шалып, өмірінің соңына дейін қара таңба болып қалғандар қаншама?! Түрме толықтай түзеу мекені бола алмайтынын осы тар қапастан шыққан талайдың қырын кеткен тағдыры дәлелдеп берген. Себебі, тауық ұрлап түрмеге жабылып, шыққанда кісі өлтірудің «қыр-сырын» «меңгеріп» алғандар, өкінішке қарай, аз емес. Ендеше, өмірде сүрінгендердің бәрін түрмеге тоғытпай, қоғамда бейімделуіне мүмкіндік берудің де игілікті іс екенін естен шығармаған жөн болар. Әңгімелескен Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ, Журналист