• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2016

Әр алуан әлем

241 рет
көрсетілді

Бойжеткен болып бой түзеуге тыйым салған колледж Үндістандағы Мангалурдегі колледжі студент қыздарға өз жаратылысына сай жүріп-тұруға тыйым салды.  Арнайы ереже бойынша жұмыс жасайтын бұл оқу орнында қыздарға косметикадан бастап жігіттермен қарым-қатынас жасасуға дейінгі тірліктерге іс жүзінде рұқсат етілмейтін болып шықты. Соның ішінде мұнда студент қыздар шаштарын биік не төмен қалыпта түйіп немесе жайып тастап жүре алмайды. Сондай-ақ, тырнақты ашық бояуға, татуировка салуға, тіпті қол сөмкеде макияжға керекті құралдарды алып жүруге де болмайды. Зимбабве президенті өзіне ескерткіш орнатты Зимбабвенің 35 жылдан бері басқарып келе жатқан 92 жастағы президенті Роберт Мугабе өзіне өзі ескерткіш орнатып қойды. Белгілі мүсінші Доминик Бенхура жарты жылда бітірген монументтің биіктігі 3,8 метрді құрайды. Ол президенттің мульти­пликациялық көшірмесі болып шыққан. Дегенмен, бұл тас мүсін мемлекет басшысының өзіне қатты ұнаған. Бірақ елдің халқына оншалықты ұнай қоймаған сияқты. Қазір осы үшін Мугабені әжуалаушылар көбейіп келе жатқанға ұқсайды. «Бастан – құлақ садағаның» кері келді Башқұртстан астанасы Уфаның Амантай көшесінде орналасқан шаштараздардың бірінде клиент құлағының бір бөлігін кесіп алу оқиғасы орын алды. Зейнеткер әйел бұл сұлулық салонына 1,5 жылдан бері келіп тұрады екен. Бұған дейін оны мұнда бәрі қанағаттандырған. Бірақ соңғы келгенінде бұрынғы шеберінің жоқ екенін біледі. Ал оның орнына алынған шаштараз біраздан кейін әйелдің құлағын оңдырмай кесіп алады. Маужырап отырған зейнеткер орнынан шоршып тұрса керек. Бірақ басы аман екенін білген соң, алғашқы ем-домды жасатып алып, шаштаразды кешіре салыпты. «Сен бар жерде үңгір де жайлы тұрғын жай сияқты...» Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинция­сында бір ерлі-зайыпты жұп қосылғалы бергі 54 жыл бойы ел көзінен тыс жердегі үңгірде оңаша тұрып келіпті. Қазір жасы 81-ге келіп отырған Лян Цзыфу мен оның 77 жастағы зайыбы Ли Суин бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Наньчун қаласында заңды некеге тұрған бойда үйлерінен кетіп қалып, бір үңгірді паналаған екен. Олар осында төрт бала тәрбиелеп өсірген. Жергілікті билік бірнеше рет оларға бұдан гөрі қолайлы тұрғын жайлар ұсынып та көріпті. Бірақ өз «үйлеріне» үйреніп кеткендері сондай, одан еш кеткілері келмеген. Бір-бірін қатты сүйген екі қария үшін бірге тұрған қапастың өзі сән-салтанат сарайынан кем емес сияқты. Өкпелегіш отағасы өз әйелін аукционға қойды Ұлыбритания тұрғыны өзінің 27 жас­тағы әйелін сататыны туралы хабарландыруды eBay бетінде жариялады.  «Бақсам, бақа екен» дегендей, Йоркширдегі Уэйкфилд қаласында тұратын 33 жастағы пранкер Джокер Саймон О’Кэйн өзіне дұ­рыс көңіл бөле қоймағаны үшін құдай қосқан қосағы Леандраны интернет-аукционға салып жіберген. Өзінің айтуынша, отағасы ауырып жатқанда келіншегі оған көзінің қырын аздау салып, қамқорлық жасауға аса қатты мән бере қоймапты. Сонда да болса, ол қанша ренжіп тұрғанымен, жарнамада әйелінің жақсы жақтарын барынша тізіп көрсетіпті. Ол «өзі құтты, өзі сүтті» зайыбының денесі тартымды екенін, тамақты жақсы дайындайтынын да жазыпты. Селфи үшін көліктер де құрбандыққа шалынады Ресейдің Кастрома облысындағы Никольское кентінің 19 жасар тұрғыны өзінің кәмелетке толмаған құрбысымен бірге ерігіп жүріп, лаулаған алау жанында селфи жасау үшін бірнеше рет от жаққан.   Жастар елді мекендегі үш машинаны өртеп, тағы екеуін жандыруға әрекет еткен. Сол түнде олар деревнядан бір автомобильді айдап кетпекші болады. Бірақ оның салонына кіргендерімен, оталдыра алмайды. Сосын оны өртеуге шешім қабылдайды. Осыдан кейін бір велосипедті ұрлап мініп кетіп, селоның сыртынан такси ұстайды. Онымен Костромаға дейін барады. Арада тәулік өткеннен кейін екеуі де қолға түсті. Тексере келгенде, от қоюшы ойрандардың ұялы телефондарынан алаудың жанында тұрып түскен селфилері табылған. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Ақпарат агенттіктерінің материалдары негізінде дайындалды