Нұрсұлтан шыңының биіктігі – 4376 метр
Алматыда қазақстандық альпинизмнің бастау шыңындай болған Іле Алатауының әйгілі «Нұрсұлтан» шыңына арнайы сапар ұйымдастырылды. Бұл Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына арналды. Оның бір ерекшелігі – көзге бірден оқшауланып көрінетін айрықша асқақ шың. «Нұрсұлтан» шыңы – Богданович мұздығының бас жағында орналасқандығымен көзге бірден түсетіні де содан болуы мүмкін. Солтүстігінде – Қарлытау, шығысында Аристов шыңымен ұласады. Бұл шыңға 1930 жылы 17 шілдеде Г.Белоглазов бастаған топ алғашқы атауы Кіші Алматы шыңына шығып, дәл осы жылды Қазақстан альпинизмінің бастауы деп есептеген. Ал 1935 жылы 11 шілдеде Алматыда 1-Комсомолдық альпиниада өтіп, Кіші Алматы шыңы Комсомол атауына ие болады. Бұл жыл дәстүрлі альпиниадамыздың бастау алған күні саналады. 1997 жылы альпиниадаға қатысушылар Тұңғыш Президенттің туған күніне орай Комсомол шыңын – «Нұрсұлтан» шыңы деп атауды ұсынды. «Нұрсұлтан» шыңында дәстүрлі альпиниаданың сан түрлі жарыстары өткізіледі. Қазақстан тәуелсіздік алуымен эстафетаны қазіргі альпинистер жалғастырып отыр. Ал дәстүрлі альпиниада арқылы аталмыш шараға қызығушылық білдірген көпшілік жаппай қатысу құрметіне ие болған. Нәтижесінде алматылықтардың көпшілігі әуесқой альпинист атанып келеді. «Нұрсұлтан-2016» альпиниадасына қатысушыларға «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының аспалы жолдары таң сәріден тегін қызмет көрсете бастады. Альпиниада қарсаңында көрсетілген тегін қызметке халық көп жиналды. Негізгі топ альпиниадаға қатысып, «Нұрсұлтан» шыңына шығушылар. «Шымбұлақтың» соңғы нүктесі Талғар асуына (3200) келгенде күн жарқырап, бұлттар жан-жаққа шашырай түсті. Бұл альпиниадаға қатысушыларға сәттілік тілеп тұрғандай әсер береді. Альпиниада бағыты бойынша Богданович мұздығынан өткен сәт қойтастар арасында қатты қарқынмен ағып жатқан мұздық суы байқалады. Тіпті шағын көлшіктер де суға толған. Биыл тауда қар қалың түскендіктен шілденің өзінде қаңтардағыдай қар жатыр. Мұздық жолының мұздары мен Комсомол асуына өрлеу барынша қиындық туғызады. Алдыңызда – «Нұрсұлтан» шыңы, Комсомол асуы және қалың қар жамылған Қарлытау шыңы. Әсіресе Қарлытау шыңы – қысы-жазы шаңғы тебуге таптырмайтын орын. Қауіптілігі өз алдына, бірқатар алматылықтар шың басына өрлеп шаңғы тебуін бастап кетіпті. Комсомол асуына өрлеген сәтте жан-жағыңызға қарасаңыз, «Абай» шыңы мен оған көршілес орналасқан шыңдардың тау массивін бағамдар едіңіз. Дәл осы уақытта төмендегі мұздық жолын қалың тұман басып келеді. Аздаған минуттан соң тұман сейілгендей күн көзін жапқан бұлттардан аппақ қар қиыршықтары себелей бастады. Бір күнде жылдың төрт мезгілі байқалғандай. Басты мақсат мәреге тек қауіпсіздік ережелерінің барлық баптарын қарастырған қатысушыларды шығару болатын. Өйткені дәл сол ара жарыстың бас нүктесіне рұқсат беру алаңы «Нұрсұлтан» шыңы күрделілік категориясы орта деңгейде болатын бес маршрутпен шыңға көтерілуге мүмкіндік болады. Жаппай альпиниада барысында ұйымдастырушылар қалалықтар мен қала қонақтарына 2А категориясын ұсынды. Шыңға шығуда альпиниада талаптарының барлық нормаларын орындаудың өзі бірнеше уақыт алады. Асудан шыңға негізі 20-25 минут кетеді дегенмен, өте күрделі жерде көп адамның қатысуынан бір сағаттай кептеліс болды. Тіпті жартасқа жабысып 10-15 минуттай тұрған сәттер де болды. Барлық қатысушыларға әр бөлікте орналасқан бақылаушы-құтқарушы жасақ көмек көрсетіп тұрды. Сонымен барлық қиындықтарға қарамастан шыңның басына біз де жеттік. Шыңға шығушылар есімдеріне біз де тіркелдік. Ал шың биігіне шыққандағы таңғажайып табиғаттың қайталанбас көрінісі сұлулыққа тұнып тұрды. Шырқау шың бізді тым биікке көтергендей. Шыңға апаратын барлық жол мен шыңдағы қалың қар ұйытқыған ызғырық, бұлт арасынан жарқылдаған найзағай қатысушыларды бөгей алмады. Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суретті түсірген Досжан Балабекұлы
•
17 Қыркүйек, 2016
"Нұрсұлтан" шыңына шықты
951 рет
көрсетілді