Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Халық қалаулылары назарына халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасы ұсынылады.
Қазіргі уақытта аталған орталыққа 38 мемлекет мүше. Қазақстан мүшелікке енген 21 жылдың ішінде орталық 200-ден астам қазақстандық жобаларды қаржыландырған. Оған 5000-нан астам отандық ғалым тартылған.
Сонымен бірге, осы күні Тәжікстанмен Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялауға байланысты заң жобасы талқыланбақ.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Ресеймен Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялайтын заң жобасын жұмысқа қабылдайды.
Тағы бір атап өтерлігі – бюро отырысында Парламент Мәжілісі Төрағасының жанынан Депутаттық әдеп кеңесін құру туралы қаулы қабылданды.