Бүгін Алматыда қаланың 1000 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралар басталды деп хабарлайды Егемен-ақпарат. Осыдан аз уақыт бұрын шаһардағы Бірінші Президент бағында АЛМАfest-2016 атты алма фестивалі ашылды. Оған қала әкімі Бауыржан Байбек те қатысты. Байбектің айтуынша, АЛМАfest-2016 фестивалі жыл сайын жақсы таныла түсуде, осылайша ол қаланың брендіне айналып келеді. Бұл фестиваль Алматының алма отаны ретіндегі атағын қайтадан шығаратын болады дейді қала басшысы. Әкім 150 тонна алма қойылған жәрмеңкені аралады. Биыл жәрмеңкеге 33 шаруа қожалығы бұрын-соңды болмаған дәрежеде көп алма түрлерін алып келді. Тілшіміздің хабарына қарағанда, тұрғындар бүгін алманы базардағы бағадан біршама төмен бағамен сатып алып жатыр
АЛМАfest-2016 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл Алматының қала күнінде болатын үлкен мәдени және ойын-сауық шарасы. Бірінші Президент бағында фестиваль кезінде Alma Art, Alma Family, Alma Master, Alma Auen, Alma Bazar сияқты бірнеше алаңқайлар ашылады. Онда концерттер, көрмелер, жәрмеңкелер болады. Ал Alma Drive атты алаңда ұлттық спорт сайыстары өтеді. Alma Bazar – фестивальдің басты алаңқайы. Мұндағы көрмеге алманың жаңа әрі дәмді сұрыптары қойылып, келушілердің дәм татуы үшін ұсынылады.
Бүгін қаланың әр жерінде түрлі шаралар өтеді. Кешкісін қала тұрғындары үшін Apple Fire отшашу мерекелік шоуы көрсетіледі. Салюттер қаланың үш нүктесінде – сағат 21.00-де Көктөбеде, "Астана" алаңында және "Алматы Арена" мұз айдынында атылады. Мерекелік іс шаралардың қай жерде өтетінін төмендегі афишадан көруге болады.