• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Қыркүйек, 2016

Алтын медаль үшін айқасамыз

343 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстанның волейболдан қыздар құрамасы Вьетнамда өтіп жатқан Азия Кубогының жартылай финалында Жапония командасын 3:1 етіп жеңіп, өзінің тарихында тұңғыш мәрте осы жарыстың финалына шықты. Сөйтіп, Күншығыс елі бойжеткендерінен топтық кезеңдегі жеңілісінің есесін қайтарып қана қоя салмай, алғаш рет алтын медаль үшін таласуға мүмкіндік алды. Бас жаттықтырушы Вячеслав Шапранның шәкірттері бұл кездесуде үлкен жігер мен табандылық танытты. Олар матчтың бірінші партиясында қарсыластарынан 19:25 есебімен ұтылса, келесі үш партияны түгелдей 25:11, 25:21, 25:16 деген есептермен өз пайдаларына шеше білді. Келесі жартылай финалдық жұпта Қытай қыздары таиландтық құрбыларынан 3:2 есебімен басым түсіп, финалдық дуэттің екінші сыңарын құрады. Біздің қыздар мұның алдында алаң иелері – Вьетнам жасағын 3:0 етіп тізе бүктірген болатын. Ал топтық іріктеу ойындарында Жапониядан жеңіліп (1:3), Корея (3:0) мен Қытайды (3:2) ұтып, 5 ұпаймен үшінші орын алған еді. Еске сала кетейік, қыздар командалары арасындағы Азия кубогы 2008 жылдан бері екі жылда бір рет ойналып келеді. Оған құрлықтың 8 күшті командасы қатысады. Турнирде 2008, 2010, 2014 жылдары – Қытай, ал 2012 жылы Таиланд құрамасы бас бәйгені жеңіп алған еді. Қазақстандықтар 2012, 2014 жылдары қола жүлдегер атанған. Финалдық кездесу бүгін ойналады.   Руслан ИГІЛІК