Әдетте күз айларында малдың жоғалуы жиі кездеседі. Оның басты себебі – қараусыз қалуы, малды бағу жұмыстарының жүйелі, ұтымды түрде ұйымдастырылмауы. Бұл – ауыл әкімдеріне де үлкен сын.
Ұрланбайтын мал жоқ. Төрт түліктің түйеден басқа түрі – ірі қара да, жылқы да, қой-ешкі де ұрланатыны жергілікті полиция қызметі деректерінен айқын көрінеді.
2016 жылдың жеті айы ішінде мал ұрлығы салдарынан 104 миллион 392 мың теңге залал келген. Соңғы үш жылда Орал өңірінде мал ұрлығына қатысты екі мың жарым дерек тіркелген. Осы уақыттың аралығында 4757 бас мал қолды болған. Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп жасалған журналистік зерттеулер мал ұрлығын жасайтындардың дені арнайы құрылған топтар емес, негізінен жекелеген суық қолды адамдар екенін айғақтайды. Олар – бұрын сотталғандар немесе арнайы есепте тұратындар.
Соңғы кезде ел ішінде жеке сектордың иелігіндегі малды бағуға ықылас пен құлшыныс танытатындар мүлдем сиреп бара жатқаны байқалады. Оның үстіне мал басына кемінде мың теңге ақы алынады. Осыны қымбатсынып, тұрғындардың көбі малын бағымға қоса бермейді.
Жергілікті тұрғындар арасында бақташының еңбекақысын төлемей, оларды сенделтіп қоятындар да бар. Осыған бір мысал. Шалғайдағы өңірлердің бірінде аудан орталығы тұрғындарының иелігіндегі ірі қара малдарды бағуды кәсіп еткен жандардың бірі – Серік Қасымов. Орта мектепті бітірісімен жекенің малын бағуға бел буған ол ұзақ жыл осы бақташылықты кәсіп етіп келеді. Ашығын айтуымыз керек, адал жұмыс істеді. Оның баққан малы жоғалып кетіпті дегенді ешкім де естімепті.
Осы Серік Қасымов секілді бақташыларды сандалтпай, ақ-адал еңбегінің ақысын уақытылы төлеудің ыңғайлы әрі оңтайлы жолын іздестіру қажет-ау деген ой келеді. Қазір алыс аудандарда ауылшаруашылық тұтыну кооперативтері құрыла бастады. Мәселен, Жалпақтал ауылында осындай кооперативтің төрағасы өткен жылы ауыл тұрғындарының малдарын қарауылдап, көзден таса қылмауға екі бақташы шығарған. Бұл істің нәтижесі тәп-тәуір. Жалпақталда мал ұрлығы тіркелмеген. Егер өзге өңірлерде де құрылған кооперативтер осы тәжірибеге құлақ асса, бұдан ешкім де ұтылмас еді.
Батыс Қазақстан Ресейдің Самара, Саратов, Орынбор, Волгоград және Астрахань облыстарымен шектеседі. Мал шекараны білмейді. Екі күннің бірінде көршілес елдің шекарасына өтіп кетіп жатады. Оның ізін кесіп, тауып алу да оңай емес. Мүмкіндігінше малдың шекарадан өтпеуін қадағалаған жөн ғой. Егер өтіп кетсе, мал иелеріне көмектесетін орган бар. Ол – жергілікті полиция. Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Кенжебек Қоспаевтың айтуынша, Қазақстаннан Ресей аумағына өтіп кеткен малды қайтарып алуға ешқандай әкімшілік кедергі жоқ. Таяуда Қазталов ауданынан шекара асқан бір үйір жылқыны учаскелік полиция қызметкерлері тез тауып әкелген.
Осы материалды әзірлеу барысында облыста мал ұрлығын тыю үшін арнайы «Жол картасы» жасалғанын білдік. Бұл жоба бірнеше мақсатты көздейді екен. Бірінші, тұрғындар арасында қауіпсіздік шаралары жөнінде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Екіншісі – ұрлықтың алдын алу жөнінде нақты іс-шаралар кешені. Осы орайда республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдар арқылы мал тасымалдайтын жүргізушілердің құжаттары мен жүк көліктері тексеруден өткізіледі. Әрі сол жерде тасымалды кімдер ұйымдастырғаны анықталады. Үшіншіден, ет өнімдерін сататын үлкенді-кішілі орындарда сауда жүргізу құқына байланысты құжаттар да назардан тыс қалмайды.
Сондай-ақ өңірдегі ветеринарлық қызмет өкілдері алдағы кезде әр малдың ветеринарлық құжаты, оның базасы жасалатынын, тиісті деректер соған енгізілетінін мәлімдеп отыр. Соған сай әрбір малға сырға салынып, оның нөмірі жазылмақ. Бұл жаңа тәсіл малдың иесі кім екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Қараусыз мал – жол-көлік апаттарына да себепші. Мұндай жағдайда да малдың құлағындағы сырға арқылы оның иесін анықтап, тиісті жауапкершілікке тартуға болады.
Өткен жылы өңірдегі ветеринарлық сала өкілдерінің ұсыныс-тілектеріне сәйкес Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты үй жануарларын ұстау ережесін бекітіпті. Алайда жергілікті полиция қызметі жетекші өкілінің айтуынша, ережеде қойылған талаптар орындалмай отырған көрінеді. Ереженің аты – ереже. Бұл құжаттың Әкімшілік құқық бұзушылық туралы немесе Қылмыстық кодекс секілді тәртіп бұзғандарды жауапкершілікке тартуға заңды күші жоқ. Сондықтан да Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі қолданыстағы заңнамалық талаптар мен нормативтерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Ішкі істер министрлігіне тиісті ұсыныстар жасаған. Бұл ұсыныс қаралу үстінде екен.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы