Қазақстанда бұған дейін қанатқақты режімде жұмыс істеп келген Ұлттық дәрілік формуляр (ҰДФ) ресми бекітіліп, іске қосылды. Тиісті бұйрыққа Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова қол қойған.
Осылайша, Отанымыз ТМД елдерінің арасында мұндай ақпараттық ресурсты іске қосқан алғашқы республика болып отыр. ҰДФ-ны жасақтау барысында фармокотерапия саласындағы озық әлемдік тәжірибе басшылыққа алынған екен.
Бұл дәрілік көмек азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен табысына қарамастан бәріне бірдей қолжетімді болмақ. Себебі, мұнда дәрі-дәрмектердің шекті бағалары көрсетілген. Формуляр жүйелі түрде жаңартылып отыратындықтан, медициналық қызметкерлерге дәрі-дәрмек түрлері, оларды қолдану тәжірибесі туралы жаңа мағлұматтар алып, фармацевтика саласындағы білімін жетілдіріп отыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық формулярды қалың жұртшылық та www.knf.kz сайты арқылы орыс және қазақ тілдерінде онлайн-режимде қолдана алады. ҰДФ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған жүйе бойынша құрылған. Препарат туралы ең қажетті ақпараттың бәрі бір бетте жинақталған. Ал қажет болған жағдайда, сілтемені ашып, кеңірек мағлұмат алуға болады. Кері байланыс жүйесі арқылы сайтты қолданушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын қалдыра алады.
Жоба 2015 жылдың соңында еліміздің тұрғындарына ұсынылып отырған дәрілердің сапасы, қауіпсіздігі мен қолжетімділігі мәселелерін шешу мақсатында қолға алынған болатын. Оған министрліктің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті ұйытқы болған. ҰДФ-ны жасақтауға шетелдердің тәжірибелі фармакологтары тартылыпты. Қазақстандық ұлттық формулярды мамандарға және қалың көпшілікке таныстырып, қолданыс аясын кеңейту мақсатында Денсаулық сақтауды дамытудың республикалық орталығы еліміздің аймақтарында семинарлар өткізіп, таныстырып отыруды қолға алмақ.
«Егемен-ақпарат»