• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Қыркүйек, 2016

Шетелдік журналистер қонақта

306 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі еліміздің Бас редакторлар клубымен бірлесіп үстіміздегі жылдың мамыр-шілде айларында «Қазақ­стан халықаралық БАҚ көзімен» атты үшінші конкурс ұйымдастырған болатын. Байқауға ұсынылған 60 ұсынымның ішінен Франция, АҚШ, Түркия, Иордания және Ресейдің өкілдері болып табылатын бес журналист жеңімпаз атанды. Министрлікте марапатталған «The Huffington Post»,  «The Washington Times», «The Jordan Times», «Еничаг» газеттерінің тілшілері көрікті Бурабай аймағында қонақта болып, Қазақстанның інжу-мар­жандарының ғажайыптарымен таныс­ты. Олар ел мақтанышына айналған бес жұлдызды «Rixos Borovoe» отеліне орналастырылды. Сапар барысында Ақмола облыстық туризм басқармасы «Бурабай – Қазақстанның інжу-маржаны» аталатын ақпараттық-жарнамалық тур ұйымдастырды. Сондай-ақ, шетелдік журналистер «Бурабай-Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Визит орталығын», Бурабайдағы табиғат музейін, «Абылай хан мемориалдық-танымдық алаңын» аралап, мәдени-сәулет кешенінің, «Абылай хан ордасы» экспозициялық көрме залының, «Айнакөл» және «Әлем» отельдерінің қонақжайлық рәсімдеріне куә болды. Қонақтар Бурабай аймағын салт жү­ріп саяхаттаудағы, қымыз бен ыстық бауырсақтан дәм татқандағы әсерлерін ризашылықпен айтып жатты. Әрдайым жұмыс барысындағы журналистер қай­таланбас табиғат көріністерін суретке түсіріп, жергілікті тұрғындар­мен емен-жарқын сұхбат жүргізді. Олар Қазақстанның туристік әлеуетіне жоғары бағасын берді. Сапар соңында Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов пен делегация жетекшісі, ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айман Төребекова қонақтарға «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арнайы дайын­далған қазақстандық бренд – ағаш ыдыс жиынтықтарын сый-сияпат ретінде ұсын­ды. Бұған қоса, байқаудың жеңімпаз жур­налистері әлемнің 100 мемлекетінен ресми өкілдер қатысатын көрмеге шақыру билеттерімен марапатталды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы