Кеншілер астанасындағы Достық үйінде облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті. Өңірде мемлекеттік тілдің көсегесін көгерту жолында ерінбей еңбек етіп жүрген лайықтылар қатаң іріктеуден сүрінбей өтіп, қаржысы қомақты сыйақыларға ие болды.
Байқау өткізілген бес жылдың ішінде бұл сынға 185 үміткер құжат тапсырған екен. Оның ішінде 32 қатысушы озып шығып, әр жылдары лауреат атағын иемденген. Ал биылғы байқауда 28 үміткер бақ сынады.
«Тіл жанашыры» байқауының марапатына облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысып, сөз сөйледі.
– Мемлекеттік тіл Тәуелсіздігіміздің негізі болып табылады. Сондықтан да оның дамуы – мемлекеттік саясаттың аса маңызды құрамдас бөлшегі. Бүгінгі таңда елімізде тіл саясаты байыпты және сауатты түрде жүргізіліп келеді. Бұл өте нәзік құрал – оны дәрігердің қолындағы өткірдей аса сақтықпен қолданған жөн, – деді өңір басшысы.
Биылғы марапаттау рәсімі жаңаша пішімде өтті. Ұйымдастырушылар дөңгелек үстел айналасына биылғы және өткен жылдардағы лауреаттар мен қоғам қайраткерлерін, білім және ғылым саласының өкілдерін, мемлекеттік қызметкерлер мен оқушылардың басын қосты.
Сонымен, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» аталымы бойынша облыстық мәслихат аппаратының аға инспекторы Амангелді Жүнісбек марапатталды. «Тіл жаршысы» аталымында жүлде екі үміткерге берілді. Оның бірі – «Приозерский вестник» газетінің тілшісі, өлкеде ономастика саласындағы мәселелерді ұдайы көтеріп, осы тақырыпта қалам тербеп жүрген Нұрғали Қарабеков болса, екіншісі – облыстық «Индустриальная Караганда» басылымы бас редакторының орынбасары, отыз жылдан астам уақыт қазақтың ақын-жазушылары мен қоғам және мемлекет қайраткерлерінің шығармашылық мұрасына циклдық материалдар арнап келе жатқан Гүлнәр Ысқақова болды.
«Үздік телехабар» аталымында да екі бірдей үміткер сыйлыққа лайық деп танылды. «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының тілшісі, «Тіл тағдырым» бағдарламасының жүргізушісі Ботабек Маратұлы мен «Бесінші канал» арнасындағы «Қазақ тiлiн үйренейiк» бағдарламасының авторы Айжан Иса арнайы жүлде иегерлері атанды.
Ал басты сыйлық – «Тіл майталманы» аталымының жеңімпазы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті журналистика бөлімінің оқытушысы, профессор Қойлыбай Асановқа бұйырды. Жеңімпазға естелік мүсінше мен 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ