• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
20 Қыркүйек, 2016

Баға неліктен өсті?

392 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының қымбаттау себептері айтылды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азық-түлік тауарларының қымбаттау себептерін түсіндірді. «Ұлттық экономика министрлігі нарықтар теңгеріміне талдау жүргізді, нәтижесінде ішкі нарықтағы әлеуметтік мәні бар тауарлар бағасының өсуіне әсер ететін бірқатар себептер анықталды. Біріншісі – әлемдік нарықтардағы баға жағдаятының өзгеруі және ұлттық валютаның әлсіреуі импорттық жеткізулерге тәуелді тауарларға әсер етті. Олар бойынша отандық тауарларды тұтынудың қамтамасыз етілуі 60 пайыздан төмен», – деді Қ.Бишімбаев. Министр сондай-ақ, бұған ағымдағы жылы табиғи монополиялардың қызметтеріне тарифтердің және ЖЖМ бағасының артуы да ықпал етіп отырғанын атап өтті. Тағы бір себеп маусымдық ауытқудың әсері. «Жыл сайын тауардың жекелеген түрлері бойынша қоймадағы қордың азаюына байланысты олардың бағасы құбылып тұрады. Бұл ең алдымен көкөністер – картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қызылша. Баға әдетте, мамыр-тамыз айларында көтеріледі», – деді министр. Төртінші себеп – экспорттық жеткізудің әсері. Еуразиялық экономикалық одақ аясында, Ресей мен Қырғызстанның шекара маңындағы бағалардың өскен жағдайда ішкі нарықтағы тауарлар құны да көтеріледі. Қ.Бишімбаевтың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда жоғарыда аталған факторлар бағаның өсуіне әсер етті, жыл соңына дейін айтарлықтай өсім болмайды деп күтілуде. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бастап тұтыну бағасының индексі 5,4 пайызға, оның ішінде азық-түлік тауарлар 5,2 пайызға өсті. 2016 жылғы 30 тамыздағы жағдай бойынша жыл басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі 9 пайызды құрады. Үкімет отырысында негізінен бес мәселе қаралған болатын. Айталық, әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, жұмыспен қамту, мемлекеттік қызмет көрсету саласын арттыру, алдағы жылыту маусымына дайындық және егін жинау науқаны талқыланды. Динара БІТІКОВА