• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
20 Қыркүйек, 2016

Б.Сағынтаев: «Тұрақтандыру қорларындағы қаржыны тиісті деңгейде игеру керек»

299 рет
көрсетілді

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев тұрақтандыру қорларына азық-түлік алуға бөлінген қаржыны тиісті деңгейде игеру керектігін мәлімдеді. Сондай-ақ, облыс әкімдерінен тұрақтандыру қорларын азық-түлікпен толтыруға бөлінген қаржы депозиттерде неге бостан бос игерілмей жатқанын түсіндіруді талап етті. Б.Сағынтаев еліміздің өңірлерінде қарақұмықтың бағасы елеулі өскенін айта келе, осы ретте жақын арада бұл мәселені шешуді тапсырды. Өз кезектерінде Үкімет отырысына селекторлық байланыспен шыққан өңір әкімдері бұл бағыттағы жұмыстарды таяу арада ретке келтіретініне уәде етті. «Әрине, бірінші кезекте біз бағаның негізсіз өспеуін бақылап отыруымыз керек. Маусымдық және басқа да себептермен тауар құнының жоғарылауы орын алады, бірақ та бағаға қатысты тиісті шешімдер жасалғанымен, көп жағдайларда жұмыстардың атқарылмауы салдарынан өсіп жатады. Бізде өндірісті және өнімнің саудасын іске асыруды ынталандыруға байланысты, бағаны ырықтандыруға тетіктер жеткілікті. Алайда, бұл тетіктер жұмыс істемей тұр. Отырыста байқағанымыздай, жергілікті жерлерде әкімдіктер тарапынан қадағалау болмай тұр», – деді Премьер-Министр. Осы ретте Б.Сағынтаев бағаны ырықтандыруда жүйелі шаралар қабылдау керектігін нықтап жеткізді. Ол: «Біздің кейбір әріпстестеріміз лауазымдарын алғаннан кейін базарларға барып, бағаларды инспекциялап жатады. Дегенмен де олар барған кезде, базарларда тауарлар мен өнімдер бағасын саудагерлер лезде төмендетіп тастайтынын өте жақсы біледі. Олар кеткеннен кейін саудагерлер ескі бағаны қайта қояды. Бұл өз кезегінде беделқұмарлықтан басқа ештеңені бермейді. Сондықтан нақты қажетті жүйелі шараларды жүзеге асырыңыздар», – деді. Сондай-ақ, Үкімет басшысы Қазақстанда өндірілетін өнімдер бойынша бағаны ұстап тұруға толық негіз бар екенін алға тартты. Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрлігіне баға саясатында реттегіш тетіктерді тиісті деңгейде пайдалануды ескертті. Динара БІТІКОВА