Астананың «Барысы» бұрнағы күні Құрлықтық хоккей лигасы чемпионатының 7-турында Череповецтің «Северсталін» қабылдаған еді. Қорғаныс пен шабуылды ұштастыра ойнай білген жерлестеріміз бұл кездесуде 2:1 есебімен жеңіске жеткені белгілі.
Өз конференцияларында көш соңында келе жатқан екі команда үшін де қазір жеңіс ауадай қажет. Сондықтан, Астанадағы ойын алғашқы минуттан бастап тартысқа толы болды. Қауіпті шабуылды бірінші болып ресейліктер ұйымдастырды. Өз кезегінде айдын иелері де аянып қалмады. Сондай ұрымтал сәттердің бірін ұтымды пайдаланған «Барыс» шабуылшысы Евгений Рымарев 13-минутта есеп ашты.
Екінші кезеңде астаналықтар жиі ойын тәртібін бұзумен есте қалды. Осының салдарынан 22-минутта командамыздың үздік ойыншыларының бірі Роман Старченко ойын соңына дейін айдыннан қуылса, 26-минутта қорғаушы Кевин Даллмэн 10 минуттық айыпқа тартылды. Дегенмен, бұл келеңсіздіктер «Барыстың» ойынына салқынын тигізе алмады. Қайта қарқынын күшейткен астаналықтар 38-минутта Брэндон Боченскидің көмегімен есепті еселеді.
Соңғы кезеңде біздің команда негізінен қорғанысқа көңіл бөлді. Ал таразы басын теңестіру үшін алға ұмтылған «Северсталь» ойыншыларының тек бір шайбамен ғана қарымта қайтаруға шамалары жетті. Атап айтқанда, кездесудің аяқталуына 30 секунд қалғанда ресейліктер сапынан Уилсон Клэй мергендігімен көзге түсті.
Бұл – астаналықтардың осы маусымдағы екінші жеңісі болатын. Кеше біздің жігіттер өз айдынында чемпионаттың көшбасшысы – Мәскеудің ЦСКА-сын қабылдап, 4:0 есебімен ірі жеңіске жетті. Голдарды Вячеслав Трясунов (3-минут), Евгений Рымарев (27-минут), Найджел Доус (43-минут) және Роман Старченко (56 минут)-соқты.
Еламан ҚОҢЫР,
журналист