• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2016

Әйгілі түрік пианисі Қазақстанда алғаш рет концерт қойды

407 рет
көрсетілді

Баршамызға мәлім, 2016 жыл ЮНЕСКО тарапынан әлемдік деңгейде халықаралық  «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жарияланды.  Осы атаулы оқиғаға орай, Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы қазақстандық өнерсүйер қауымға үлкен тарту жасады. Түрік мәдениет  орталығы,  Түркияның Қазақстандағы елшілігі және Қазақ ұлттық өнер университетінің қолдауымен әлемге танымал түрік пианисі Тулуйхан Уғурлу Ясауи бабамызға арнап жазған  шығармаларын пианинода орындап,  Қазақстанда алғашқы концертін өткізді. Жалпы, екі концерт жоспар­ланса, оның алғашқысы кеше Астанадағы Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің «Шабыт» ғима­ратында өтті. Ал екіншісі 22 қыркүйекте бабамыздың туған жері – Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік универ­ситетінде өткізілмек. Кеш шымылдығын  Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина ашты. Содан соң  аталған өнер ордасының проректоры Тұрар Әліпбаев  ректор Айман Мұсақожаеваның атынан арнайы ақжарма тілектерін  ақтарып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзят Уянык  талантты пианист Тулуйхан Уғурлудың Қазақстанда тұңғыш рет тұсауын кескелі отырған шығармасына аз-кем тоқталып, елорда тұрғындары мен қонақтарына түрік халқы атынан ыстық ықыласын білдірді және  жүрекжарды сәлемін жолдады. Айта кетейік, Тулуйхан Уғурлу 1965 жылы 15 қарашада Ыстан­­бұл қаласында туған. Төрт жасынан бастап Ыстанбұл кон­сер­ваториясының пианино бөлімінде оқыған. 7 жасында мем­лекет тарапынан ашылған «Талантты  балалар сынағын» тап­сырып, жоғары музыка білі­мін шетелде жалғастыруға мүм­кіндік алған. Лицей және кон­сер­ваториядан кейін білімін Вена музыка академиясында тәмам­дады. Академияның магис­т­ратурасында оқып жүріп, шы­ғар­машылық өмірінде ең маңыз­ды шешімін қабылдаған, яғни классикамен қоштасып, тек өзінің шығармаларын орындай бастаған. Тулуйхан Уғурлу елордалық көрермендерге өнер көрсетер алдындағы көңіл толқынысын былайша жеткізді: «Жырақта бір ғұламаға арнап шығарма жазасыз және оны сол ғұламаның туған жеріне  барып орындайсыз. Бұл дегеніңіз – сөзбен жеткізіп айта алмайтын бақыт! Қазақстан, Ясауи­дің туып-өскен жері, сон­дық­тан Түркістан және Шымкент мен үшін өте қымбат, қасиетті орындар. Бұл жерлерді барып көру борышымыз, міндетіміз. Жал­пы, ғұлама бабамызға арна­ған шы­ғармамды ол туған жерге орындау мені қатты тебірентеді». Тулуйхан Уғурлу дәл қазір өз елінде қалыптасқан айтар­лық­тай күрделі кезеңде Түркияға қолдау білдірген, іші мен сырты бірдей, сөзіне берік бауырлас ел – Қазақстанда өнер көрсету өзін ерекше бір қуанышқа бө­лей­­тінін айта келе, Ясауи­дің фило­софия­сына қатысты көзқарасын былайша түйіндеді: «Ағартушылық үдерісі алды­мен бізде, ал Батыста бізден кейін бастау алды. Яғни, ел­дің түсіні­гіндегідей әлем Ренес­санс дәуірінен бастап қай­та жаң­ғырып өрлемеді. Әлем Азия­дан Анадолыға, Анадолыдан Бал­қан­дарға қарай шашыраған сәуле­мен түледі,  өрледі. Ахмет Ясауи түркі халықтарына ең қара­пайым және ең дұрыс жол­мен Исламды танытты. Ясауи  жолы Селжук мемлекеті мен Осман империясының негізгі идея­сына арқау болды. Сондай-ақ, өзінен кейінгі білім және дін адамдарының көшбасшысы бола білді. Селжук және Осман империясының даналығы, күш-қуаты мен жетістігінің түп негізі Ясауи жолымен сусындауында жатыр. Сондықтан, бұдан былай ең алдымен өз төл құндыл­ық­тары­мыз­ды қайтадан ұлықтап үйре­нуі­міз керек деген ойдамын. Бұл ұзын жолда атқарылатын қыруар іс бар. Оның іргетасы мен түп қазы­ғы­ның бірі – Қожа Ахмет Ясауи». Иә, Ясауи мың жыл бұрын қалдырған пікірлерімен әлі күнге дейін арамызда, біздерді ойға жетелейді. «Ойлану және еңбек ету ғибадат». Раушан СҮЛЕЙМЕНОВА, журналист Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ