• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2016

Төрт ғасыр сақталған сауыт

440 рет
көрсетілді

Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең болмасы анық. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңын­да Арал ауданындағы елдіме­кен­дердің бірінен XVI ғасырдың соңғы ширегінде ғұмыр кешкен, ұлт бостандығы жолында сексен жастан асқанша ат үсті­нен түспеген Айдарбек батыр Өріс­ұлының ақ сауыты табылды. Төрт ғасырдан астам уақыт бойы атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа асылдың көзіндей, ақиқаттың өзіндей болып жеткен батыр баба сауыты қазір Арал қаласындағы ұрпақтарының бірі, зейнеткер Жеткерген Нұрғабыловтың қолында сақтаулы екен. Ол кісінің айтуынша, таза болаттан жасалған тор көзді бұл сауыттың салмағы 10 кило. Бұрын үлкен болған екен. Уақыт тезіне шыдамай етек тұсы қиылып, ептеп бүлінсе де міні құрымай бүгінге жеткен сауыттың ел тарихының бір бөлшегі екені ақиқат. Тек зерттеушілері табылып, ежей-тегжейлі сараптаса, нұр үстіне нұр болар еді. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұрпақтары батыр рухын ұлықтау мақсатында ат үстіндегі еңселі ескерткішін асқақтатып, тарихи-танымдық кітап шығарды, ат шаптырып ас бер­ген болатын. Енді міне, батыр­дың төрт жүз жылдан астам уақыт бойы сақталып келген ақ сауыты табылып өшкеніміз жанғандай болды. Бұл жас ұрпақты отаншылдыққа, ерлікке, елдікке баулитын нағыз құнды жәдігер екені даусыз. Алдағы уақытта батыр баба сауыты жергілікті мұражайларға сақтауға тапсырылатын болады. Сөйтіп, өткен ғасырлардан жеткен баға жетпес мұра көпшілік көзайымына айналмақ.  Толыбай АБЫЛАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі  ҚЫЗЫЛОРДА