2016 жылғы 19 қыркүйекте қазақтың ұлы ақын-ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының немересі, Алматы облысының Талғар ауданындағы Бесағаш ауылының тұрғыны, асылдың сынығы Мереке Зиятұлы 78 жасында дүниеден өтті.
Мереке Зиятұлы Шәкәрімнің немересі. Зият ел басына зобалаң түскен, Шәкәрім ұрпақтары қуғынға ұшыраған кезде әкесінің ұйғаруымен Қытайға көшуіне тура келеді. 1937 жылы Шыңжаңдағы халықтың бетке ұстар интеллигенциясын жаппай ұстап, қырғынға ұшыратқан уақытта ел жақсыларымен бірге тұтқындалады. Мереке әкесі тұтқындалғанда іште қалған бала екен. Ол 1938 жылы 8 сәуірде Қытайда дүниеге келді. Анасы Мунира Сейітқазықызы Нұртаева Үрімжіде орысша оқып, қытай, ұйғыр тілдерін де жетік меңгерген болатын. Алтайдағы Сарысүмбе қаласында мұғалім қызметін атқарған көзі ашық, білімдар еді. Мереке анасының көмегімен алғаш хат танып, сауатын ашады. Мунира Сейітқазықызы 1946 жылы сүзек ауруынан қайтыс болғаннан кейін Мереке әкесімен бірге Қытайға келген туысы Тәкежанның Әзімбайының баласы Бердештің қолында болады.
Ол 1955 жылы 10 мамырда Зайсанға қоныс аударады. 1956 жылы тамыз айында жан-жақтағы туыстарын іздеп жүрген ағасы Ахат Шәкәрімұлы Мерекені Талғарға әкелді. Мереке Зиятұлы Красноярск өлкесінде үш жыл әскери борышын өтейді. Алматы облысында зейнеткерлікке дейін ауыл шаруашылығында жұмыс атқарады. Кейінірек туған жері Шыңғыстауға жиі келіп тұрған. Зайыбы Клара Мұқанқызы екеуі Нұрлан, Гауһар, Меруерт, Сәуле есімді балаларын тәрбиелеп өсірді.
Мереке Зиятұлының кеңпейілдігі, парасаттылығы және зиялылығымен ерекшеленген жарқын бейнесі біздің жадымызда әрдайым сақталады. Марқұмның туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы болып, рухы пейіште шалқысын.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының ұжымы