• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2016

Сәкеннің сырсандығы

543 рет
көрсетілді

Тәңір берген талантымен, ерекше біткен кескін-келбетімен кемел қазақ атанған Сәкен Сейфуллин туралы жыр жампозы Сырбай Мәуленов: «Өлімге жан екенсің қия алмайтын, Өлеңнің құшағына сыя алмайтын. Қазақты көргің келсе, міне, осы деп, Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын» деген екен. Шынында, Сәкендей саңлақ ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан дарын иесі ғана емес, қазақ тіліне алғаш рет мемлекеттік мәртебе беруге ұйытқы болған алыптардың бірегейі еді. Сол дара таланттың артында қалған бай мұрасын әр қырынан жұртқа ұсыну үрдісін елордадағы ақын музейінің ұжымы жүзеге асырып келеді. Алғаш өлеңдерін топтастырып «Сұңқар Сәкен» деген жинақ шығарса, артынан фотоальбом жарық көрді. Ендігі жерде «Сырсандық» деген серия­мен, Астана қаласы әкімдігінің тікелей қолдауымен бірнеше кітап жұрт қолына тиді. Күні кеше ғана әдемі безендірілген екі томдықтың тұсаукесері өтті. Бірінші томы – естеліктер, мақалалар, эсселерден тұрса, екінші том – «Сәкенге өмірін арнаған саңлақ» деген атпен басылып шыққан. Бірінші томда Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Галина Серебрякова, Сайфи Құдаш, өзге де айтулы азаматтардың мақалалары топтастырылған. Ал екінші том – негізінен Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығын жан-жақты зерттеп, зерделеген. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп қазақ жұртының жоқ­шы­сы болған, көр­некті ғалым Тұр­сынбек Кәкішев шығармашылы­ғы­на арналыпты. Беташар сөзді «Ұлт намысын пір тұтқан...» деген тақырыппен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин жазыпты. Ғалымның замандастары Р.Бердібаев, Ә.Нұршайықов, сөз зергері Әбіш Кекілбаев, өзге де белді де беделді қалам қайраткерлері Тұрсынбек Кәкішевтің ұлт құн­дылығына қосқан үлесіне жан-жақты тоқталған екен. Екі томның тұсаукесер рәсімінде Сәкен Сейфуллин музейі­нің тұңғыш директоры Р.Асылбекова, қазіргі басшысы, белгілі ақын Н.Айтұлы, Сәкенді зерттеуші А.Кәкен, қо­ғам қайраткерлері И.Елекеев, З.Алшынбаев сөз алып, жыр сұң­қары мен сол жыр сұңқарының шығармашылығын, өмірін тереңнен талдаған Кәкішев жайлы ой толғаса, ақын Б.Тобаяқов жыр арнады. Осы басқосуда қылшылдаған 20 жасында Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Ахмет ауылынан, нақтылай түссек 1916 жылы қазақ мектебін ашқан Сәкен Сейфуллин екені де айтылып, сол мектептің 100 жылдығын атап өту жайы да қозғалды. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»