(«Мал дәрігерінің мойындалмаған мәртебесі», «ЕҚ», 2016 жылғы 23 тамыз)
Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының ветеринария саласының дәрігері, ауданның құрметті азаматы Сатыбалды Жұмашевтің еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» №161 санында жарияланған «Мал дәрігерінің мойындалмаған мәртебесі» атты мақаласында айтылғандарды біз, Жаңақала ауданының осы салада бүгінгі күні еңбек етіп жүрген мал дәрігерлеріне де қатысты деп санаймыз. Ауданымызда мал басы жылдан жылға артып келеді.
Осы малдарды өсіріп бағып, өнімін молайтып жүрген малшылар қауымымен бірге ауруының алдын алып егіп, емдеп, ауырған жағдайда шақырғанға шұғыл барып, көмек жасап жүрген ауданның дәрігерлер қауымы. Қазір ауданымызда 18 жоғары, 32 орта білімді дәрігерлер жұмыс істеп жүр. Мақалада көрсетілгендей, мал дәрігерлерінің айлық жалақысы аз, отбасын асырауға жетпейтін жағдайлар бар. Осы мамандыққа оқып, жылдарын сарп еткен дәрігерлер күнкөріс үшін мамандығын тастап жатқандары қаншама?!
Мақалада жазылған 1991 жылғы 19 желтоқсандағы №1930 қаулысы бойынша жасалып бекітілген №2 тізімге мал дәрігерлерін қосып қамқорлық жасау керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ауыл шаруашылығында мал басын көбейтіп, оның өнімін арттырып, сапасын жақсартуды ауыл еңбеккерлеріне, мал мамандарына тапсырып отыр. Бұл істе мал дәрігерлерінің еңбегі бағалануы керек. Мал дәрігерінің талап-тілегі орындалғай.
Құмарғали ҚАЙЫРЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Батыс Қазақстан облысы,
Жаңақала ауданы