Астанада Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Қырғыз Республикасының омбудсмені Кубат Оторбаевпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екі елдегі адам құқықтарын қамтамасыз ету, аталған салада халықаралық міндеттемелерді имплементтеу, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамдастықтың өзара әрекеттесуі мен басқа да өзекті проблемалар төңірегінде пікір алмасты.
А.Шәкіров пен К.Оторбаев Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қарқынды дамып келе жатқан интеграциялық үдерістер жағдайында құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықтың халықаралық пішімінің айтарлықтай әлеуеті бар екені туралы айта келе, алдағы уақыттағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары бойынша ойларын ортаға салды.
ЕАЭО ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін жан-жақты жаңғырту, ұйымға мүше-мемлекеттер тұрғындарының өмір сүру деңгейін жоғарылату және елдердің тұрақты дамуына жағдайлар жасау мақсатында құрылды. ЕАЭО интеграциялық құрылым болып табылады, соның ішінде азаматтардың жүріс-қозғалысы бостандығын қамтамасыз етеді және де олардың құқықтарын қорғайды, деді сұхбаттастар.
Жоғарыда баяндалған ұлттық құқық қорғау мекемелерінің өз азаматтарының құқықтарын қорғауда, олардың құқықтары мен бостандықтарының бұзушылықтарын жою бойынша тиісті мемлекеттік органдардың назарын аудару үшін бұзушылықтар болған оқиғалар туралы ақпараттармен, олардың қызметі туралы нормативтік-құқықтық актілермен алмасуда, бірлескен іс-шаралар өткізуде, соның ішінде жаһандық құқық қорғау пішімінде өзара құқықтық көмек көрсетуде қызметтерін үйлестіруді қажет ететіндігін көрсетіп отыр.
«Егемен-ақпарат»