Ресейдің Ханты-Манси автономиялық облысының орталығы – Юграда бұрнағы күні шахматтан 14, 16 және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының бірінші жарыс күні аяқталды.
Әуелі Қазақстан шахмат федерациясында атқарылған ұйымдастыру шаралары жайына тоқталайық. Ұйым атқару комитетінің Алматыда 21 қыркүйекте өткен отырысы күн тәртібінде бір ғана мәселе – еліміз шахматшыларының жақында Бакуде аяқталған 42-ші Бүкіләлемдік олимпиадада өнер көрсетуінің қорытындылары талқыланды. Атқару комитетінің 15 мүшесі қатысқан мәжілісте әйелдер құрамасының көрсеткішіне көңіл толмайтыны бірден айтылды. Турнирде ерлер құрамасы 180 команданың арасында 28-орынға табан тіресе, бойжеткендер жасағы 140 ұжымның ішінде 37-орыннан көрінді. Ал бұдан екі жыл бұрын өткен олимпиадада жігіттер 170 команда таласында 42-орын алса, қыздар 136 бәсекелес ортасында 6-тұғырға тұрақтаған еді.
Талқылау барысында «Қазақстан шахмат федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бірінші вице-президенті Еркін Исрайылов федерация президенті Ғалымжан Есеновтің осыған байланысты ұсынысын жеткізе келіп, әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы Павел Коцурды атқарып отырған қызметінен босату керектігіне тоқталды.
– Федерация президенті ұйым жұмысын қазіргіден де гөрі мөлдір де ашық етуді, сондай-ақ ұйымды конкурстық негізде қайта құруды қалап отыр. Осының бәрі федерация мен жаттықтырушылар жұмыстары сапасын арттыру мақсатында жасалмақшы, – деді Е.Исрайылов.
Ол, сонымен бірге, 2017 жылдан бастап барлық жаттықтырушылар келісімшарт жүйесіне көшіріліп, олардың конкурстық жолмен таңдап алынатынын сөз етті. Ал бапкерлер жұмыстарына баға беруде әрбір екі жылда бір рет өтіп тұратын Бүкіләлемдік олимпиаданың қорытындылары негізгі өлшем болады.
Енді Ханты-Мансиде керуен керген әлем чемпионатына келейік. Алғашқы раунд ешқандай кездейсоқ нәтижелер әкеле қойған жоқ, егер жақында ғана Ресей шахмат федерациясына ауысып кеткен қазақстандық Бибісара Асаубаеваның турнирді өте күшті бастағанын алға тартпасақ. Мәселе мынада, бұған дейін 12 жасқа дейінгілермен шаршы тақта үстінде шайқасып келген Бибісара бұл жолы 18 жасқа дейінгілердің үйіріне қосылып, бірінші партияда өзінен көп үлкен вьетнамдық Нгуиен Занг Зуи Тиенді еркін ұтып шықты. Сөйтіп, әлемнің 12 жасқа дейінгілер арасында экс-чемпионы болып табылатын ол турнирдегі ең ересек 70 қыздың тобында грек Ставроула Цолакидоумен бірге турнир кестесінің көшін бастады. Мамандарды тек рейтинг бойынша бірінші тұрған Еуропа чемпионы, грузин қызы Нино Хомерикидің күтпеген жерден тең ойнап қалғаны таңғалдырып жатыр. Ал біздің осы ортада сынға түсіп жатқан жалғыз спортшымыз – Диляра Албекова ресейлік Виктория Якименкомен тең ойнады. Жастары 18-ге дейінгі жігіттер арасындағы кездесулерде қазақстандық Жанат Сайын латвиялық Олег Петровскийді ұтса, Арыстанбек Оразаев түрік Онер Огузбен тең ойынға келісті. Осы позициядағы үшінші өкіліміз Айрат Сәдубаев армян Арам Акопяннан жеңіліп қалды.
14 жасқа дейінгі қыздар сайысында біздің Әсел Серікбай норвег Ингрид Скаслиенмен тең түссе, Сақыпжамал Бармағамбетова белорус Ольга Баделкодан жеңілгенін мойындады. Ұлдар сапынан Рамазан Шалмаханов бельгиялық Лев Акуловтен басым болса, Руслан Сәлімов ресейлік Семен Лобасовқа әлсіздік көрсетті. Бұдан әрі 16 жасқа дейінгі жасөспірім қыздарымыздың бірі қарсыласымен тең өнер көрсетсе, екіншісі жеңілістің ащы дәмін татуға мәжбүр болды. Атап айтқанда, Арнаш Бауыржан ресейлік Полина Шувалова екеуі бір-бірін ала алмаса, Алиса Қозыбаева үндістандық Прианкаға есе жіберді. Ұлдардың екеуі бірінші қарсыластарынан басым түссе, екеуі жеңілістің ащы дәмін татты. Осылайша, Жандос Ағманов – эстониялық Алексей Субехинді, Денис Махнев словакиялық Игор Литнерді жеңсе, Дастан Тұрар – ресейлік Олександр Тряпишкодан, Тимур Нұржанов ирландиялық Араш Тобиастан ұтылды.
Кеше кешке екінші раунд кездесулері ойналды. Чемпионат 3 қазан күні мәреге жетеді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ