• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:45

Іскерлік байланыс беки түседі

Премьер-министр Олжас Бектенов V Ташкент халық­аралық инвестициялық форумына қатысып, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің қабыл­дауында болды.

Кездесу барысында Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен ізгі тілегін жеткізді. Екі ел арасындағы өзара іс-қимыл сенімге, өзара түсіністікке, бауырлас халықтар арасындағы берік достыққа негізделген стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жарқын үлгісі екені атап өтілді. Екі мемлекеттің басшылары қол жеткізген уағдаластықтардың көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беріп отырғаны айтылды. 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда көлемі 16,2 пайызға артып, 4,8 млрд долларға жетті. Биылғы қаңтар-сәуір айларында екіжақты тауар айналымы 1,9 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 42,1 пайызға артық. Кез­десуде сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, өнеркәсіп кооперациясын кеңейту, көлік-логистика саласындағы өзара ықпалдастықты нығайту,  сондай-ақ­­ энергетика, су ресурстары және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. 

Форум жұмысына Өзбекстан мен Албания президенттері, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Тәжікстан үкіметтерінің басшылары, сондай-ақ бизнес, халықаралық даму банктері мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Іс-шара барысында тұрақты экономикалық даму, инвестициялар тарту және инновациялар енгізу мәселелері талқыланды.

Форумда Олжас Бектенов еліміз Орталық Азияның экономикалық әлеуетін ашу мақсатында өңір елдері арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуді қолдайтынын айтты.

Елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан институционалдық реформалар орнықты әртараптандырылған экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған. Инвестициялық ахуалды жақсартуға әрі іскерлік белсенділікті арттыруға ерекше назар аударылуда. Еліміздің жаңа Конституциясында әділетті әрі қуатты мемлекет құрудың берік негізі қаланып, бұл еліміздегі іскерлік ортаны одан әрі жетілдіруге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға қосымша мүмкіндік жасайды.

2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы жаңартылды. Шетелдік капитал тарту көлемін кеңейту үшін «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының басым нарықтарға қатысуы күшейтілмек. Бас прокуратура жанындағы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті бизнестің заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етеді. Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін елде болу шарттарын жеңілдетуді көздейтін «Altyn Visa» жаңа арнайы визалық режімі енгізіліп жатыр. Бірлесіп қабылданған бұл шаралар инвестициялық белсенділікті ынталандыруға әрі еліміздегі жоғары технологиялы жаңа салалардың дамуын жеделдетуге бағытталған.

Премьер-министр цифрлық технологиялар мен ЖИ саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетін тілге тиек етті. Қазақстан жаңа буынның IT-экожүйесін белсенді қалыптастырып жатыр. Екі суперкомпьютер пайдалануға берілді, Аlem.аі халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Орталық Азиядағы цифрлық хабқа айналуға бағытталған «ДӨО алқабы» жобасы жүзеге асырылмақ. Жобаны дамытуға әлемдік IT алпауыттары – Firebird және NVIDIA қазірдің өзінде 10 млрд доллар көлемінде инвестиция салып отыр.

Соңғы жаңалықтар