Абай облысы Бесқарағай ауданының Морозов орман шаруашылығы, Башкөл, Жыланды, Мостик, Кіші Владимировка ауылдарының тұрғындары сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді.
Облыс әкімі Берік Уәли аудандағы халықты сапалы ауызсумен қамтуға бағытталған бірқатар нысанды аралап көрді. Аймақ басшысы әуелі Морозов орман шаруашылығындағы су беру стансасында болды. Шағын елді мекенде 254 адам тұрады. Бұл ауылда бұрын ауызсу желісі болмаған. Жоба аясында ұзындығы 8 шақырымнан астам су құбыры желісі тартылып, 106 аула орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды. Сонымен қатар көлемі 100 текше метр болатын екі резервуар орнатылды.
Облыс әкімі Башкөл ауылындағы қайта жаңғыртылған су құбыры желісін де барып көрді. 420 тұрғыны бар ауылдағы 1974 жылы салынған су жүйесі толық жаңартылған. Жоба аясында ұзындығы 9,781 шақырым су құбыры желісі қайта жаңғыртылып, 111 аула орталықтандырылған сумен қамтылған. Сондай-ақ Жыланды ауылындағы су беру стансасының жұмысы да пысықталды. Бұл ауылда 355 адам тұрады. Мұнда да бұрын ауызсу желісі болмаған. Жоба аясында ұзындығы 11 шақырым су құбыры желісі тартылып, 132 аула орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Бесқарағай ауданының Морозов орман шаруашылығы, Башкөл, Жыланды, Мостик, Кіші Владимировка ауылдарына ауызсу берілді. Бұл жобалар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, ауылдардың одан әрі дамуына тың серпін береді», деді облыс әкімі.
Абай облысы,
Бесқарағай ауданы