Қазір Қазақстанның қай бұрышына барсаңыз да күре жолдардың бойында қаз-қатар тізіліп, шыны ыдыстарға құйылған бал сатушыларды көресіз. Дұрыс-ақ. Күнкөрістің көзі. Бірақ оларды көргенде көңілге күмән ұялайтыны бар. «Нағыз бал ма, жоқ жасанды бал ма?!.». Өйткені, күнделікті өмірде кейбір тағам түрлерінің жасанды болатынын естіп жүргендіктен, осындай күмән қылаң беретіні рас. Сатушылардан сұрасаңыз, өздеріне шаң жуытпайды, нағыз бал екеніне көзіңізді жеткізуге тырысады. Мамандардың айтуына қарағанда, сапалы бал алу үшін омарталар орналасатын орынның айналасы орман-тоғай, түрлі өсімдік жайқалған алқап болуы тиіс. Ал айналасында көз тоқтататын бір түйір тал жоқ ауылдардың маңында бал сатып тұрғандар өнімді басқа жақтан әкелгендер ме, сонда? Жалпы, нағыз бал мен жасанды балды қалай ажыратуға болады? Шығыс Қазақстан облысына іссапарға барғанымызда осы сұрақ көкейде тұрған еді. Оның да себебі бар. Өйткені, Шығыс Қазақстан – бал өндірісі бойынша елімізде көшбасшы өңір. Республика аумағындағы тауарлы бал өндірісінің 70 пайызы шығысқазақстандық омарташыларға тиесілі. Облыс аумағының табиғаты мен жер бедері, климаттық белдеуі омарташылық кәсіпті ілгерілетуге өте қолайлы.
Қазір Алтай балының бағы аспандап тұр. Қазақстанды былай қойғанда, алыс-жақын шет мемлекеттерде Алтай балын жоғары бағалайтындар баршылық. Осыны ескерген болуы керек, шығысқазақстандықтар «Алтай балының» ежелгі даңқын сауда бренді ретінде тиімді пайдалана бастаған.
Дәл Өскемен қаласының іргесінде «Пасека» шаруа қожалығы 2003 жылы 16 ақпанда құрылған екен. Бұл – омарташылықты өндірістік негізде жолға қойып дамытқан еліміздегі алғашқы омарта шаруашылығы. «Пасека» шаруа қожалығы тауарлы бал, балауыз, тозаң, балтозаң, ара желімі, аналық сүт, хитин сынды омарта өнімдері және ара ұясы, омарташылардың құрал-жабдықтары, араны күту мен емдеуге арналған тиімділігі жоғары ветеринарлық препараттар өндіреді.
1980 жылдан бері омарташылықпен шұғылданып келе жатқан қожалық жетекшісі Валерий Қасымбаевқа көкейіміздегі сауалды қойдық.
– Қазір омарташылықты білетіндер де, білмейтіндер де бал сатумен айналысып кетті ғой. Жасанды бал да саудада бар дейді, осыған қалай тосқауыл қоюға болады?
– Иә, саудада сапасыз бал көп. Оған тосқауыл қою тиісті мекемелердің жұмысы ғой.
– Нағыз балды жасанды балдан қалай ажыратуға болады?
– Иісінен. Егер жасанды екеніне күмән келтірсеңіз, тиісті құжаттарын сұраңыз.
Валерий Қасымбаев Алтай балының атақ-даңқын сақтап қалу үшін 2003 жылдан бері шаруашылықты кәсіби түрде үйлестіріп, қызметкерлерді оқыту мен біліктілігін көтеруге үлкен мән беріліп келе жатқанын айтты. 40-тан астам адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық қызметкерлері арасында Рязань қаласындағы Ресей омарта академиясының, Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы колледжінің, Самар аграрлық-техникалық колледжінің түлектері бар.
– Елімізде қай қалаға барсаңыз да, ірі сауда орындарында алдыңыздан Алтай балы, Катонқарағай балы шығатыны рас. Біздің сауда әріптестеріміз бүгінде барлық өңірде бар. Әрине, балдың сапасына күмән келтіретіндер табылады. Бірақ оның сапасы мен қауіпсіздігін қадағалайтын тиісті мекемелер жұмыс істейді ғой. Ал өніміміздің өте құнарлы екенін растайтын құжаттар бізде жеткілікті, – дейді Валерий Қасымбаев.
Ұлттық ғылыми орталықтың П.И.Прокопович атындағы омарташылық институты, Украина омарташылар қоғамы, Украина апитерапевтер қауымдастығы, «Бал-Ара» Қазақстан омарташыларының ұлттық одағының «Апитерапия», «Омарташылықтағы жаңа технологиялар» сынды көптеген сертификаттарына ие болған шаруашылық қызметкерлері халықаралық, республикалық ауқымды шараларға да жиі қатысады екен. Мәселен, 2011 жылы Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында, 2013 жылы Украина астанасы Киевте өткен халықаралық апимондия конгресіне, 2010 жылдан бері Өскемен қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық бал фестиваліне қатысқан.
Шаруашылықтың материалдық-техникалық базасы жақсы. Атап айтқанда, облыс аумағындағы 15 стационарлық және көшпелі омарталарда 2500-ден астам ара семьясы, оның ішінде 260 асыл тұқымды карпат арасының семьясы мен 265 орта орыс тұқымды ара семьясын өсіреді. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысында ара ұрығы мен пакеті өндірісіне арналған ара тәлімбағы жұмыс істейді. Ал Өскемен қаласында омарта өнімдерін тоғанақтау, бөлшектеп құю мен сақтауға арналған көлемі 360 шаршы метрге тең өндірістік цех, көлемі 240 шаршы метрлік дайын өнімдер қоймасы, 10, 20 грамдық және басқа да көлемдегі блистерлі ыдыстарға құюға арналған автоматты желімен жарақтандырылған цех, бал өнімдерін құятын кәдесыйлық ағаш ыдыстарды даярлау цехы, жабық контейнерлік қоймасы, сондай-ақ, ауыр жүк көліктері мен жеңіл көліктері және 15 омарта павильоны, аэропиамбулатория, қыстамалары бар. Шаруа қожалығына тиесілі жерлерден бөлек, Серебрянск, Таулы Үлбі мен Тарханка ормандарында омарталарды орналастыруға арналған орман шаруашылығы билеттерін алып тұрады екен.
– Шаруа қожалығының омарталары өңіріміздің әртүрлі климаттық белдеулерінде орналасқандықтан, омарта өнімдерінің мол түрін ала аламыз. Бұл учаскелер Ұлан, Глубокое, Шемонайха аудандарында және Катонқарағай, Зырян аудандары мен Риддер қаласының таулы орман алқаптарында орналасқан, – дейді Валерий Мухтарович.
Шаруашылық жетекшісінің айтуынша, «Пасека» қожалығы Кеден одағы кәсіпорындары мен «Самұрық-Қазына» тасымалдаушыларының тізбесінде тұрғандықтан оның өнімдері Қазақстанның барлық облыстарына және АҚШ, Қытай, Өзбекстан елдеріне, сондай-ақ, Ресей Федерациясының Орал-Сібір өңіріндегі Екатеринбург, Омбы, Том, Нижневартов, Новосібір, Барнаул, Краснояр сынды қалаларына тасымалданады. Осыған дейін мемлекеттік тапсырыс арқылы білім мекемелері мен мектепке дейінгі мекемелер бал өнімдерін алып келсе, қазіргі кезде «пасекалықтардың» өнімін еліміздің Қарулы Күштері мен алғаш рет Сарыағаш, Мырзакент, Шонжы, Жаркент, Зайсан, Күршім өңірлеріндегі шекара қызметінің жауынгерлері тұтына бастаған. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» АҚ тарапынан да тапсырыс бар. Шаруашылықта жылына 200-300 тонна аралығында бал өндіріледі.
– Балдың түсіміне табиғат райының әсері үлкен. Өйткені, бал шырынын беретін гүл тозаңдары жауынды күндері қатты зардап шегеді. Ара да салқын күндері ұшпайды. Биыл жаңбырлы жыл болғандықтан, балдың түсімі жылдағыдай мол емес, – дейді «Пасеканың» жетекшісі.
Валерий Мухтарович Шығыс Қазақстан омарташылар одағының төрағасы екен. Сондықтан да болар, оны бал шаруашылығының көкейкесті мәселелері көбірек толғандыратынын білдік. Соның бірі – бал өнімдерін өткізу. Өйткені, жаһандық экономикалық дағдарысқа байланысты тұтыну себеті азайған. Бал бағасы төмен.
– Ұлттық валюта мен көрші елдер валютасы бағамының өзгеруі бізге қатты әсер етті. Сондықтан, экспорттық әлеуетімізді арттыруға күш салудамыз. Тауарлы бал өнімдерін ТМД елдері мен шет мемлекеттерге шығару мәселесін саралаудамыз. Қытай еліне тасымалды ұлғайту мәселесімен тиісті мемлекеттік құрылымдар айналысып жатыр. Бізге Қытайдың халық көп шоғырланған бір-екі қаласының нарығы да жеткілікті болар еді, – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Ғалым ОМАРХАН,
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы