Облыс делегациясы астаналықтарды үш күн бойы өңірдің тарихымен, мәдениетімен, жетістіктерімен таныстырады, деп хабарлайды аталған өңір басшылығының ресми сайты. Мәдениет күндерінің аясында астаналықтардың назарына бірқатар мәдени бағдарламалар ұсынылады. Атап айтқанда, бірқатар спектакльдер және аталған облыс өнерпаздарының қатысуымен «Ұлы Дала Ұлысым!» атты концерттік бағдарлама қойылады деп күтілуде.
Сонымен қатар, бүгін жамбылдық тауар өндірушілер арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкеге қатысады. Жәрмеңкеге жалпы құны – 237,5 млн теңге болатын, салмағы 300 тоннадан асатын 30-дан астам өнім түрлері қойылады. Оның ішінде 10 тонна жылқы, 1,4 тонна тауық еті, 5 тонна шұжық, 10 тонна сүт өнімдері, 11 мың дана жұмыртқа, 1,5 тонна кондитерлік және 6 тонна макарон өнімдері бар. Сондай-ақ, астаналықтарға 10 тонна қант, 0,5 тонна тұз, 5 тонна балық, 2,2 тонна бал, 4,2 тонна қымыз бен шұбат және 245,3 тонна жеміс-жидек пен көкөністер ұсынылады.
«Егемен-ақпарат»