• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2016

Жетітөбенің алтын бұйымдары (фото)

336 рет
көрсетілді

Жамбыл облысының елордадағы күндері аясында Ұлттық музейде «Тарихы терең Тараздан тағзым» атты көрме ұйымдастырылды. Мәдени және рухани мұрасымен бай өңірдің тарихы сонау саманидтер, түркілер, қарахандар дәуірімен байланысты. Одан беріде құрылған қазақ хандығы нақ осы жерде, дәлірек айтқанда Шу мен Талас өзендерінің аңғарындағы Қозыбасы деген жерде ту тіккен. Сондықтан Жамбыл облысының жұртқа ұсынар, көрмеге қояр заттарының мол болуы тарихи заңдылық. Көрмеге тек қана облыс көлемінде емес, бүкіл қазақ мәдениетінің құндылығы іспетті саманидтердің күміс монеталар қазынасы, түркі, қарахан, моңғол теңгелерінің топтамалары, 2012 жылы табылған Жетітөбе обасының алтын бұйымдары, қазақ хандығының қалыптасу кезеңіндегі қазақ батырларының қару-жарақтары қойылды. Сондай-ақ, «Ұлтымыздың ұлы перзенттері» деген бөлімде Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің, Ғазиз Байтасовтың, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегерлері Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітовтың жеке заттары мен құжаттары қойылды. Репрессияға ұшыраған суретші Л.В.Брюммердің облыстық музейге сыйға тартқан 1000-нан аса суреттері де көрмеге қойылып, көрермендер қызығушылығын туғызды. Көрме Жамбыл облысы әкімдігі мен Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Айгүл СЕЙІЛОВА Фото: Орынбай БАЛМҰРАТ