Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «Қостанай» теннис орталығында Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит пен екі мәрте Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Иван Дычкоға көлік кілттерін тапсырды.
Иван Дычко Лондон және Рио Олимпиадаларында қола медальдарға қол жеткізген айтулы боксшы. Сондай-ақ Риода алтынға бергісіз өнер көрсеткен Василий Левит те қостанайлық, ол Ойындарға Астана қаласының атынан барған болатын.
«Еліміздің спортшылары әкелген 17 медальдің екеуі қостанайлықтардың еңбегі. Біз Василийді шынында Тищенконы жеңді деп білеміз. Қостанайлық жерлестері Василийге алтын медаль дайындады, мұның өзі патриотизм және боксшыға деген үлкен құрмет», деді өңір басшысы.
Сонымен бірге, осы салтанатта Архимед Мұхамбетов жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен әлем чемпионы Темірлан Шадұқаевқа 1 миллион, оның жаттықтырушысы Михаил Досмағамбетовке 500 мың теңге табыс етті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
Қостанай