Әйгілі «Париж-Дакар» ралли-марафоны 36 жылдың ішінде бірде-бір рет қайғылы оқиғасыз өткен емес. Ал биыл 6-мәрте мәреге жеткен «Жібек жолы» халықаралық ралли-марафонында кісі өлімі болған жоқ. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте отандық автомарафоншы Артур Ардавичус осылай деді.
Артур Ардавичустің айтуынша, екі марафонның қайсысы қиын деген сауалға жауап беру қиын.
— «Жібек жолының» тректерімен де ойнауға болмайды. Табиғаты әдемі, жайқалып тұрған жерлердің өзінде шөптің астында көзге көрінбейтін қойтастар толып жатуы мүмкін. Жаңбырдан кейін тау-тасты жерлері өте тайғақ болып келеді. Қысқасы, екеуінің де қауіпті жақтары көп. Бірақ, «Жібек жолы» ралли-марафонында әзірге қайғылы оқиға болмағаны қуантады. Себебі, спортшылардың өмірін сақтап қалу жағы жақсы ойластырылған, – дейді ол.
Мәскеуден шығып, Татарстан мен Башқұртсанға соғып, Қазақстанның территориясы арқылы өтіп, Бейжіңде мәреге жеткен марафон әлемдегі ең қашық ралли-марафон саналатынын айта кету керек. Биыл жол талғамайтын көліктер арасында әйгілі француз Сириль Депренің экипажы бірінші келсе, жүк көліктері арасында ресейлік Айрат Мардеевтің экипажы жеңімпаз атанды. «Astana Motorsports» командасының мүшесі Артур Ардавичустің экипажы жарыс қорытындысы бойынша 5-орынға табан тіреді.
Аңызға айналған «Париж-Дакар» көпкүндігінің өзі 9 300 шақырым болса, «Жібек жолының» қашықтығы 10 700 шақырымға тең. Биыл жарысқа әлемнің 39 елінен 92 жүк талғамайтын көлік пен 24 жүк көлігі қатысқан болатын. Олардың арасында бұған дейін «Давар» ралли-марафонында бірнеше мәрте топ жарған Себастьен Лёб, Стефан Петронсель, Сириль Депре сынды жұлдыздардың болуы бұл жарыстың беделін арттыра түсті.
Арнұр АСҚАРОВ