Қазіргі күндері Вьетнамның Дананга қаласында өтіп жатқан V Азия жағажай ойындарында қазақстандық суда жүзуші Виталий Худяков екі дүркін чемпион атанып үлгерді.
Біздің жерлесіміз Ойындардағы бірінші алтын медалін жарыстың үшінші күні, 23 қыркүйекте ашық теңізде 10 шақырымдық қашықтыққа жүзуде жеңіп алды. Бұл үшін ол 2:02:07.2 нәтиже көрсетті. Екінші орынға қытайлық Ванг Венхао (2:04:55.9) көтерілсе, үшінші орынға сириялық Мохаммад Салех (2:06:20.4) жайғасты. Осы қашықтықта сынға түскен қазақстандық келесі спортшы – Кенесары Кененбаев 2:24:56.0 көрсеткішімен мәреге 10-шы болып келді.
– Бүгін ауа райы бізді оншалықты қуандыра қоймаса да, теңіздің беті барынша тыншып жатып, бәрі сәтті аяқталды. Әлбетте, мен елім үшін алтын медаль жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Бұл жарыста мұндай жүлделердің көп болатынына сенгім келеді, – деді су жаңа чемпион жүзіп келгеннен кейін.
Қазақстандық саңлақ екінші алтын медаліне жексенбі, 25 қыркүйек күні қол жеткізді. Бұл жолы ол 5 шақырымға жүзіп жарысуда 58:03.3 нәтижесімен алдына жан салмады. Екінші орынға Мохаммед Салех орналасса, үшінші орын вьетнамдық Тран Танға бұйырды. Біздің Кенесары Кененбаев бесінші орынға табан тіреді.
Осы күні қазақстандық 18 жасар спортшы Ксения Романчук ашық теңізде 10 шақырымдық қашықтыққа жүзуде 2:14:20.0 көрсеткішімен қола медальдың иегері атанды. Ал алғашқы екі орынды қытайлықтар Шин Шин (2:14:01.6) мен Янг Дандан (+13.2) жеңіп алды.
Қазақстан Ұлттық олимпиялық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев екі спортшыны да осынау айтулы жеңістерімен құттықтады. «Сіздің 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарда ешкімге дес бермей, жеңіс тұғырынан көрінуіңіз – жылдар бойғы жаттығулар мен мақсатқа жетудегі табандылығыңыздың айқын көрінісі», – деп атап көрсетті ол Виталий Худяковқа жолдаған жеделхатында. Ал Ксения Романчукке бәсекелестіктің өте жоғары болғанына қарамастан, сол сынақтың жүгін қайыспай көтеріп шыққанына алғыс білдіріледі.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ