Алматыда Тұңғыш Президент қорының мұрындық болуымен «Аман келешек» атты жасөспірімдердің мәдени-спорттық фестивалі өтті.
Төрт мыңға жуық мектеп оқушысы осымен үшінші жыл бір орталыққа жиналып, саламатты өмір салты туралы әңгіме мен әдемі ойын-сауыққа кенеліп қайтты.
«Барлық бала үшін күз айы тосын сый мен мерекеге толы ғой. Біздің өткізіп отырған шарамыз да оқушылардың өміріне серпін беретін, айнала қоршаған ортаға деген құштарлықты оятатын дәстүрлі фестиваль. Әсіресе, жас ұрпақтың дені сау болып өсуі бүгінгі қоғамның басты міндеті. Балаларды спортқа баулу мен саламатты өмір салтын сүюге үйрету үшін қолдан келгеннің барлығын жасауымыз керек. Біздің шарамыз оқып, үйрену бағытында және әр баланың спорттық қабілетін шыңдауына жол ашады» дейді Тұңғыш Президент қорының атқарушы директоры Сағындық Нұраханов.
«Аман келешек» фестивалі жыл сайын жаңа буын оқушылардың қатысуымен қызықты өтіп, жалғасуда екен. Ұйымдастырушылар биыл жасөспірімдерге тосын сый жасап, шараға еліміздің белгілі спорт шеберлерін шақырыпты. Осы күні Олимпиада және әлем чемпиондарының қолын алған оқушылар шаттыққа кенелді. Фестивальде Василий Жиров, Юрий Мельниченко, Илья Ильин, Дариға Шәкімова, Мақсұт Жұмаев, Назым Қызайбай, Болат Жұмаділов сияқты майталмандар жас спортшыларға ақыл-кеңес беріп, олардың өнерін тамашалады.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ