• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Қыркүйек, 2016

Қарағандыда жаңа нан зауыты ашылады

636 рет
көрсетілді

Өндірістік қуаты тәулігіне 80 тоннаға жететін жаңа кәсіпорын облыс орталығының тұрғындарын ғана емес, серіктес қалаларды да нан-тоқаш өнімдерімен толықтай қамтамасыз ететін болады. «Даму» қорының қолдауы­мен салынып жатқан жаңа кә­сіп­орынның іргетасы биылғы жылдың сәуір айында қаланған болатын. Соған қарамастан, жұмыс қарқынды жүріп, бүгін­гі күнде құрылысшылар іш­кі әрлеу-өңдеу жұмыстарын аяқ­­­­тауға жақындап, құрал-жабдықтарды орнатып жатыр. Жабдық демекші, оның бар­лығы Еуропаның ең үздік зауыттарынан жеткізіліпті. Бәрі бірдей шетелдікі деп айтуға тағы болмас, ғимаратты салуға кеткен құрылыс материал­да­рының түгелі өзімізде жа­сал­ған отандық өнімдер екен. Мұны бізге «Сарыарқа Нан Қара­ғанды» ЖСШ бас директоры Валентин Каракалюк айтып берді. – Мен, – дейді В.Каракалюк, – қалада шығарылатын нан өнімдерінің түгелінің дәмін таттым. Дәл қазір бұлардың бә­рінен де дәмді нан пісіреміз деп сеніммен айта аламын... Жаңа зауытта қалыпты нан және батон шығаратын автоматты екі жүйе болмақ. Та­ғы екеуі бөлке нан мен тоқаш пі­сіруге арналады. Сонымен қатар, кондитер және қабаттама цехтары да салынуда. Зауыт басшыларының айтуынша, жаңа кәсіпорын конвейерінен шыққан өнімдердің баға­сы басқа өндірушілердікінен жо­ғары болмайды. Ал сапа жа­ғынан келгенде, мақсат – бә­се­келестерді басып озу. Бұл игі істің жүзеге асырылуын за­уыттағы арнайы зертхана қатаң түрде қадағалап отырады. Нан зауыты іске қосыл­ған кезде мұнда 400-ден ас­там адам еңбек ететін бола­ды. Қа­зірдің өзінде сыннан сүрінбей өткен наубайханашылар  жұмысқа алынып жатыр. Тілек білдіргендердің көп­тігіне қарағанда, кәсіп­орын­­­ның жұмысшы кадр­дан тарықпайтыны бесене­ден бел­гілі. Жұмысқа қабылдан­ған қызметкерлерді жаңа қон­дыр­ғылардың тілін білуге тә­жірибелі технологтар мен ин­женерлер оқытатын көрінеді. Қызмет көрсету саласы­на келсек, қазіргі талаптың бірі – тұтынушы нанды буы бұр­қыраған ыстық күйінде алғанды қалайды. Яғни, таң атар-атпастан пештен жаңа ғана шыққан нан дүкен сөрелерінде тұруы керек. Сондықтан да мұнда өн­дірістің дамуы өз алдына, өнімді жеткізу мен өткізу­ге де баса көңіл бөлінген. Бас ди­ректордың айтуынша, нан-тоқаш өнімдерінің сатылымда жоғары нәтижеге жетуіне логистиканың ықпалы зор бол­мақшы. Сондықтан зауыт жанынан жөнелтім ай­мағы салынып, жеке көлік це­хы құрылған. Оның құ­рамы Қазақстанда жасап шы­ғарылған 57 жаңа нан тасушы автомобиль­ден тұрады. Бұдан бөлек, зауыттың өз мен­шігіндегі тұ­рақты дүкендер желісі де салынбақшы. Тек қа­на зауыт өнімдерін сататын бұл сауда нүктелерінің саны 47-ге жеткізіледі. Олардың әрқай­сысының аумағы 30 шаршы метрді құрайтын болады деп жос­парланған. Жаңа зауыттың отыз жылдан бері нан пісіру сала­сында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі басшысының пайым­дауынша, адамдар ылғи да өздерінің ата-анасы жеген нан өнімдерін тұтынуға бейілді болып тұрады екен. Дегенмен, қазақстандық наубайханашылар қолданып жүрген ескі рецепттерді бірте-бірте жаңа технологиялармен алмастыру басым бағытта­ғы шаруалардың бірі болып отыр. Мысалы, зауыттағы ұн қап­­талмаған әдіс бойынша сақ­талмақ. Ұн сақтайтын қойманың қабырғасы тат бас­пайтын болаттан жасалған. Мұндай қоймалар бүкіл Еуро­паның өзінде бірді-екілі жерде ғана кездеседі екен. Нанның дәмді болып пісуі ұнына да байланыс­ты. Жа­ңа зауытқа ұн жеткізушілер қазір­­дің өзінде белгілі. Олар­дың барлығы да жергілікті астық өндірушілер. Таңдаудың бұ­лайша түсуі де тегін емес. Не­ге десеңіз, Орталық Қазақ­станда өсірілетін қатты бидай сұрыбы кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі наубайхана­шылар арасында жоғары сұра­нысқа ие екен. Бабына жетпеген ашыт­қысыз нанның дәмі татып алғы­сыз болады. Сондықтан да жаңа кәсіпорын ашыту бөлі­мінің жұмысына ерекше мән бермекші. Бұл жерде Франциядан әкелінетін ашытқы дақылдары негізінде ашытылған сүт өнімдері ашыт­қысы пайдаланылатын қамыр сақталатын болады. Жалпы, соңғы жылдары об­лыста нан және нан-то­қаш өнімдерін шығаратын кә­сіпорындарға деген көзқарас ерекше. Мысалы, былтыр Балқаш қаласында да 140-қа таяу адамды жұмыспен қам­­­­тыған жаңа нан зауыты салынған болатын. Қысқа ғана уақыт ішінде бой көтерген, заманауи талаптарға сай бұл кәсіпорынның бүгінде 60-тан астам аса сапалы нан өнімдерін шығарып, жұрттың ыстық ықы­ласына бөлініп отырғаны белгілі. Бәрін айт та, бірін айт, Ар­қа өңірі тұрғындарының ақ дас­тарқанынан бүгінгі талап­қа сай технологиямен пісірілген, дәмі тіл үйіретін  нан-тоқаш өнім­­дерінің үзілмейтіндігі қуантады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ