Өткен жылдың осы мерзімінде басталған фотобайқаудың 71 қатысушысы кәсіби мамандардың талқысына барлығы 560 жұмыс тапсырған екен. Шынайы шеберлерден құрылған қазылар алқасы фотожурналистер мен әуесқой фотошеберлердің маңдай терін төгіп атқарған жұмыстарын таразылай келе нағыз жеңімпаздардың есімін атады. Қамту ауқымы кең байқауда негізінен фотообъективке ілінген еліміздің әсем табиғаты, тарихи ескерткіштері мен халқымыздың салт-дәстүріне байланысты қас қағым сәттік қалтқысыз көріністер сараланды.
Байқаудың бас жүлдесін – бірінші орынды «Достық шоқысы» атты суреті үшін өскемендік Мерей Қайнарұлы жеңіп алды. Екінші орынды «Теңге ілу» фотосуреті үшін тараздық Алмаз Орман, үшінші орынды «Таудан аққан тас бұлақ» шығармасы үшін алматылық Тілеубек Рахымжан иеленіп, арнаулы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздарға – Pillips телевизоры, Aser ноутбугі және Nikon фотоаппараты берілді. Бұдан басқа барлығы бес ынталандыру сыйлығының жеңімпаздары да фотобайқау қорытындысына орай марапат алды.
Марапаттау салтанатының алдында Қазақстан фотожурналистикасының айтулы шебері, ардагер фототілші Нұрманбет Қизатовқа «Фотоөнер қайраткері» медалі тапсырылды. Сондай-ақ Қазақстан «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі дүниеден өткен Нұрғожа Жұбанов, Қайрат Мұстафин, Сиез Бәсібеков, Сайлау Пернебаев, Рахымбай Ханалы сияқты есімдері елге танымал болған баспасөз фотошеберлерінің отбасыларына арнайы сыйлық-ескерткіштер тапсырды.
Байқаудың демеушілері – «Банк RBK» АҚ, National Geographic Қазақстан және Nikon Қазақстан компаниялары екенін де еске сала кеткенді жөн санадық.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТОВ