Ақтауда жыл сайын өтетін дәстүрлі Шоқыр Бөлтекұлы атындағы халықаралық турирге биыл 150-ден астам боксшы қатысады.
Биыл қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлының туылғанына 100 жыл толмақ. 1916 жылы Маңғыстау облысының Жармыш ауылында өмірге келген ол 1936 жылы Қазақстанға әуесқой боксты алғаш әкелді. Ш.Бөлтекұлы басқарған Қазақ КСР құрама командасы алғаш рет 1947 жылы КСРО чемпионатына қатысты. Өзі рингте 223 кездесу өткізіп, оның 199-ында жеңіске жеткен Шоқыр қазақ бокс тарихына өшпестей із қалдырды.
Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, КСРО және Қазақстанның бірінші спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық бокс турнирі Ақтау қаласындағы «Каспий» спорт кешенінде 28 қыркүйек-2 қазан аралығында өтеді. Маңғыстау облыстық бокс федерациясының хабарлауынша, турнирге Қазақстан, Ресей, Монғолия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Белоруссия және Тәжікстаннан 150-ден астам боксшы қатысады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, Ақтау