Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен түрік халықтарының өнерпаздарынан құралған халық аспаптар оркестрі талдықорғандықтарға тамаша тарту жасады.
Домбыра, балама, сырнай, кавал, қыл-қобыз, саз сырнай, морин-хуур, рубаб, топшур сияқты түрлі аспаптарынан төгілген бірде мұңды, бірде асқақ, бірде баяу, бірде аласапыран үн І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына жиналған қауымды сонау ерте ғасырдағы тарих қойнауына жетелеп әкетті.
Концерт бауырлас халықтардың тілі, түсі, тарихы ғана емес, музакасының да ортақтығы жайлы ойға жетеледі. Расында өзі абыз, өзі күйші, өзі бақсы әрі ойшыл Қорқыт бабамыздың қолындағы қобыздан туған сарындар түркілік музыка тарихындағы бәрімізге ортақ құндылық емес пе еді? Құрманғазының «Адай» күйіне, Кененнің әніне көрсетілген ыстық ықыласты айтпағанда, Саха республикасынан келген Юлияна Кривошапкинаның шаң қобызының үніне, қырғыз өнерпаздарының қомызбен төккен туындыларына, түрік, әжірбайжан халық әндеріне, жалпы жиырмаға тарта нөмірдің қай-қайсысына да көрермен тік тұрып қол соқты.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов концерт соңында ТҮРКСОЙ ұйымының хатшысы Дүйсен Қасейіновке, өнер ұжымына осындай ұлағаты мол шараны Жетісудың кіндік қаласынан бастағандарына ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Арман Нұрахметұлының режиссерлігімен, Марат Жалбировтің дирижерлігімен қойылған концерт жай ғана ән айтылып, күй тартылған қатардағы ойын-сауықтың бірі болған жоқ. Тамыры бір халықтарды бұрынғыдан да жақындастыра, бауырластығын бекемдей түскен, аншлагпен өткен рухани демалыс болды.
Сағыныш Намазшамова, Талдықорған