Нұрсұлтан Назарбаев Израильдің бұрынғы Президенті Шимон Перестің қайтыс болуына байланысты Израиль Президенті Реувен Ривлинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Егемен ақпарат хабарлады.
Жеделхатта Израильдің бұрынғы Президенті Шимон Перестің өмірден өткені туралы хабарды Мемлекет басшысының зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.
«Қазақстан халқы Шимон Пересті парасатты басшы, екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға орасан еңбек сіңірген тарихи тұлға әрі беделді саясаткер ретінде әрдайым есте сақтайтын болады», делінген көңіл айту жеделхатында.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шимон Пересті өзінің адал әрі сенімді досы ретінде құрмет тұтқанын атап өтті.
«Онымен әңгімелесу әрдайым пайдалы еді, сол кездесулерімізді жылы сезіммен еске алатын боламын», делінген жеделхатта.
Соңында Қазақстан Президенті орны толмас қайғыға ортақтаса отырып, Израиль Президенті Р.Ривлинге және барша Израиль халқына көңіл айтты.
Егемен-ақпарат