• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2016

Жасампаздық жылнамасы

314 рет
көрсетілді

1995 *  4 қаңтарда Шу қаласында Трансазия магистралінің Арыс-Шу учаскесін электрлендірудің аяқталғанына байланысты салтанатты рәсім болып өтті. Оған қатысқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ұзындығы 582 шақырымды құрайтын темір жолды электрлендірудің соңғы буыны іске қосылғаны баяндалды. *10 қаңтарда Ұлы Абайдың 150 жылдығына да­йын­далу және өткізу жөніндегі мерекелік комиссияның кеңейтілген мәжілісі болды. Оны Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүргізді. Н.Ә.Назарбаев дайындық жұмы­сының нақты бағыттары бойынша жұмыс топтарын құруды ұсынды. Мұнан былай Абай тойына дайындық ісін Президент өзінің жеке бақылауына алатын бо­лып белгіленді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 12 қаң­тарындағы нөмірінде «Ұлы ақын мерейтойын лайықты өткізу – еліміздің рухани толысуына сын» тақырыбымен мақала жарық көрді. * 12 қаңтарда Абайдың туғанына 150 жыл толуын мерекелеуге әзірлікті күшейту жөніндегі шаралар туралы Президент қаулысына қол қойылды. * 20 қаңтарда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Б.Н.Ельцин Мәскеуде Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын кеңейту мен тереңдету туралы Декларацияға және екі ел азаматтарының мүдделерін қорғайтын бірқатар құжаттарға қол қойды. * 24 қаңтарда Брюссельде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев НАТО-ның Бас хатшысы Вилли Класпен кездесті. * 31 қаңтарда Президент Н.Ә.Назарбаев Швейцарияның Давос қаласындағы Бүкіл дүниежүзілік экономикалық форумдағы кездесулерін аяқтады. Елбасы көптеген мем­лекеттер басшылары мен әлемдік бизнес өкілдеріне республиканың мұнай және газ орындарының байлығын бірлесе игеру жөніндегі жобаларды ұсынды. *8 ақпанда Қытай ядролық клубтың мүшесі бола отыра, Қазақстанға қауіпсіздік кепілдігін берді. * 10 ақпанда Алматыда Қазақстан, Қырғызстан және Өз­бекстан Президенттері кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев, Асқар Ақаев, Ислам Каримов Орталық Азияда біртұтас экономикалық кеңістік кұру туралы қол жеткен уағдаластық шеңберінде үш елдің бірлескен күш-жігерімен атқарылған жұмысқа талдау жасады. * 1 наурызда елдегі қоғамдық тұрақтылық және ұлт­аралық татулықты нығайту мақсатында Президенттің жанынан консультативтік кеңесші орган ретінде Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. * 3 наурызда Президент Н.Ә.Назарбаев Түрікменстанның Дашховуз қа­ласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Арал проблемалары жөніндегі кеңесіне қатысты. * 24 наурызда Президент жанындағы қоғамдық консультациялық-кеңесші орган – Қазақстан халықтары Ассамблеясының I сессиясы ашылды. Сессияда Ассамблеяның Төрағасы, Президент Н.Ә.Назарбаев баяндама жасады. * 1 сәуірде Қаржы министрлігінің Бас кеден басқармасының негізінде Ми­­нистрлер Кабинеті жанынан Кеден комитеті құрылды. * 10 сәуірде Қазақстанға ресми сапармен ГФР Президенті Р. Херцог кел­ді. Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Роман Херцог Қазақстан мен Германияның арасындағы байланыстың маңызды мәселелері жайында әңгімелесті. *12 сәуірде Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мен Ресей Феде­рациясы Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен Абайдың 150 жылдығына арналған іс-шаралар басталды. Көп ұзамай Абай күндері Англияда, Германияда, Қытайда, Францияда, Түркияда, әлемнің тағы басқа көптеген мемлекеттерінде өткізілетіні хабарланды. * 14 сәуірде Шымкентте Орталық Азиядағы үш мемлекет – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан басшыларының жұмыс барысындағы кездесуі болды. Онда үш ел арасындағы 2000 жылға дейінгі экономикалық ықпалдасу бағдарламасы мұқият қаралып, мақұлданды. * 21 сәуірде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматы мешітінде болды. Осы қасиетті орында өрбіген әңгіме кезінде Президенттің Қағбаға бірінші кірген қазақ екені атап өтілді. *24 сәуірде жа­уынгерлік ер­лігі үшін жазу­шы Қасым Қай­сеновке, зейнеткерлер Алексей Карпович Кулаков пен Мурдин Таиповке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, Алтын Жұлдыз тапсырылды, сондай-ақ, көптеген соғыс ардагерлері ордендермен, медальдармен наградталды. *29 сәуірде Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде бүкілхалықтық референдум болып өтті. Орталық сайлау комиссиясының деректері бойынша, референдумға тізімге енгізілген сайлаушылардың 91,3 пайызы қатысқан. Олардың 95,4 пайызы бюллетеньге енгізілген сұраққа оң жауап берген, яғни Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуды жақтаған. * 5 мамырда Мемлекет басшысының резиденциясында Нұрсұлтан Назарбаевқа бүкілхалықтық референдум қорытындысы бойынша оның өкілеттік мерзімінің 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартылғандығы туралы Орталық сайлау комиссиясы куәлігін тапсырудың салтанатты рәсімі болды. *15-18 мамыр аралығында Президент Н.Ә.Назарбаевтың Корея Республикасына сапары болды. Сапар барысында Корея Республикасының Президенті Ким Ен Саммен және елдің іскер өкілдерімен кездесті. * 20 мамырда Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы күндері бас­талды. Осыдан бір жыл бұрын Өзбекстанда Қазақстан күндері өткен болатын. * 26 мамырда Қазақстанның ядролық тарихында мәні зор оқиға болды: бұрынғы Семей полигонының аумағында соңғы ядролық заряд жойылды. Осыған орай Қазақстан Президентінің Республиканың барлық азаматтарына Үндеуі жарияланды. Ол «Егемен Қазақстан» газетінің 27 мамырдағы нөміріне басылды. *6 маусымда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Женевада өткізілетін Бірік­кен Ұлттар Ұйымының қарусыздану жөніндегі сессиясына барар жолда Парижде қысқа уақытқа тоқтап, Франция Президенті Жак Ширакпен әңгімелесті. Саяси мәселелерді талқылау кезінде Н.Ә.Назарбаев ядролық қаруды таратпау және ядролық державалар тарапынан Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беру тақырыбына тоқталды.