Астанада Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Грекия Сыртқы істер министрінің орынбасары Димитриос Мардастың төрағалығымен Қазақстан-Грекия үкіметаралық комиссиясының 3-ші мәжілісі болып өтті.
Бұл комиссия экономикалық және технологиялық ынтымақтастықтарды қарастырады. Ал мәжіліс барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты инвестициялар, көлік, туризм, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларында кеңейту туралы уағдаласты. Р.Василенко екі ел нарықтарында қалыптасқан оңтайлы жағдайлар аясында Қазақстан мен Грекия арасындағы өзара іс-қимыл сапалық жаңа деңгейге шығу үшін зор мүмкіндікке ие екенін атап өтті.
«Қазақстан Грекия үшін Орталық Азиядағы негізгі әріптес болып табылады. Сондай-ақ, Грекия Қазақстан арқылы Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен байланысқа шыға алады. Сонымен бірге, Грекия да Қазақстан үшін Балқан түбегіндегі негізгі әріптес саналады», деп атап көрсетті Р.Василенко.
Өз кезегінде, Д.Мардас Қазақстанмен нарықтық және экономикалық қатынастарды дамыту үлкен әлеуетке ие екенін атап өтіп, экономикалық ынтымақтастықты нығайту саяси мәселелерді оң шешуге де ықпал ететінін айтты.
Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың қабылдауында болған Д.Мардас сұхбаттасымен екіжақты саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың көкейкесті мәселелерін және халықаралық проблематика тақырыбын талқылады. Кездесулер қорытындысы Қазақстан мен Грекия арасында екіжақты ынтымақтастықтың барлық мәселелері бойынша толық түсіністік бар екенін қуаттап берді.
«Егемен-ақпарат»