Кеше Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баспасөз мәслихатын өткізіп, индустриялық-инновациялық даму және «Нұрлы Жол» бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ, министрлікте биылғы жылдың 8 айында атқарылған жұмыстардың жай-күйі туралы журналистерге баяндап берді.
Министрдің айтуынша, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында елімізде өнеркәсіптік инфрақұрылымдар үшін қажетті мәселелер толығымен шешілді деуге болады. Елімізде автоөнеркәсіп, медициналық техника, титан өнеркәсібі, күн, жел энергетикасы сынды өңдеу өнеркәсібінің 26 саласы қалыптасқан. Жүк вагоны мен жолаушылар вагоны, электровоз, жеңіл автокөлік пен автобус, трансформатор, рентген құрылғылары сынды бұрын-соңды шығарылмаған 500-ден астам жаңа өнім шығару жолға қойылған.
– Ең бастысы, осы жаңа өндірістердің арқасында сапалы жаңа жұмыс орындары құрылды. Бес жылдың ішінде Индустрияландыру картасы жобаларын қоса алғанда 160 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Өткен жыл мен биылғы жылдың 8 айында шамамен 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылды,– деді Жеңіс Қасымбек.
Жаһан экономикасындағы күрделі ахуалға қарамастан, министрлік индустрияландыру саясатын рет-ретімен жүргізе беруге ниетті. Сол үшін өнімділік пен экспортқа бейімділік мәселесін басты көрсеткіш ретінде қарастырып, 5 саладағы маңызды деген 8 секторға басымдық беріп отыр. Атап айтар болсақ, бұл сегіз салаға қара және түсті металлургия, мұнай өңдеу, мұнай химиясы мен агрохимия, азық-түлік өнімдерін өндіру, автобомиль құрастыру және электр-
техникалық машина жасау жатады.
Осы сегіз сектор мемлекет тарапынан нақты қолдауға ие деуге болады. Себебі, осы секторлардағы нақты жобалар үшін тиісті инфрақұрылым, ұзақ мерзімді лизинг пен Қазақстанның Даму банкі арқылы несиелеу сынды жағдайлар жасалуда.
Жеңіс Қасымбек өз баяндамасында ғарыш саласын дамыту ісіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда «KazSat-2» мен «KazSat-3» спутниктері еліміздегі байланыс және хабар таратумен айналысатын 15 операторға, басқа да ұйымдарға сапалы қызмет көрсетіп отыр. Ғарыш саласын дамытуда Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі «Байқоңыр» ғарыш айлағы деуге болады. Еліміздің экологиясына кері әсер ететін жайттарды азайту үшін, биылдан бастап осы ғарыш айлағынан «Протон» зымыран-ұшырғыштарын ұшыру азайтылмақ.
– Қазір ресейлік базада «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру мәселесі қарастырылып жатыр. Онда керосин және сұйық оттегі сынды экологиялық жағынан қауіпсіз компоненттері бар отындар қолданылады, – деді министр бұл туралы.
Елімізде туризмнің дамуы 2020 жылға дейінгі Туристік саланы дамыту тұжырымдамасына сай жүргізілуде. 2017 жылдан бастап Қазақстан мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері арасында, сондай-ақ экономикасы дамыған, саяси ахуалы тұрақты басқа да мемлекеттермен арада визасыз қатынас жолға қойылмақ. Осылайша, визасыз тәртіп енгізілген елдердің қатары 48-ге жетіп, туристердің легі көбейе түсуге тиіс. Ал ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өткеннен кейінгі кезеңде Ресей, Түркия, Италия, Германия, Нидерланд, АҚШ және Ұлыбритания сынды елдерден келетін туристердің қатары одан әрі көбейеді деп жоспарланып отыр.
Туристерді қабылдауға қажетті инфрақұрылым да соңғы жылдары айтарлықтай дамып келеді деуге негіз бар. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын елімізде бар болғаны 871 қонақүй болса, қазір 2 500-ге жуықтайды екен. Өткен жылы қонақүйлер бас-аяғы 73 миллиард теңгеге қызмет көрсеткен. ЭКСПО көрмесіне орай, еліміздің ең көрікті, қонақжай деген өңірлерін қамтитын 73 түрлі туристік маршрут бекітіліп, олардың көлік инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары қолға алынған.
Инвестициялар және даму министрі журналистерге көлік инфрақұрылымын жетілдіру, геология мен жер қойнауын пайдалану, инновациялық даму сынды экономиканың ең маңызды салаларында атқарылып жатқан жұмыстар барысын ортаға салып, журналистердің сауалдарына жауап берді.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»