Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Алматыдағы «Ардагерлер» үйіне барды. Қарттар үйі тұрғындарының жалпы жағдайымен танысып, қамкөңіл жандардың арнайы көңілін сұрап, шапан жапқан Бас мүфти оларға мереке күніне орай тұрмыстық техникалар сыйға тартқан болатын.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында Ержан қажы Малғажыұлы: «Қариялар мемлекетіміздің тарапынан ерекше қамқорлыққа алынған. Үйлері жылы, азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Барлығы бар. Бірақ «жан жылуы жетпейді», деген-тін.
Елімізде 7 мыңнан астам адам қарттар үйінде өмір сүреді екен. Біздің халқымыздың тарихы мен дәстүрінде әке-шешесін қарттар үйіне апарып тастау деген жаман әдет болмаған. Қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше болған: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың» деген тәмсіл бар.
Біз – «Төріңнен қарт кетпесін» деп дұға тілеген халықпыз. Қай кезең, қай заманда болмасын үлкендерді сыйлағандықтан зиян көрген қоғам болмаған. Қарттарға ілтипат көрсету – ең асыл, ең қымбат қасиет. Қарттарға құрмет көрсету жас ұрпақтың алдындағы парыз», – деген еді сөзін аяқтай келе Бас мүфти.
Діни басқарма өкілдері жыл сайын қарттар үйін аралап, қажылыққа ниет еткен қарттарға жолдама беріп отыруды игілікті дәстүрге айналдырған. Бас мүфти биыл да қасиетті мекендерді зиярат еткісі келген бірнеше қарияға жолдама бермек.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ