Біз бұған дейін де Алматыда бірнеше Жұлдыздар аллеясы бар екендігін жазғанбыз. Оның алғашқысы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясында болса, одан кейін «Алматы» шипажайында да ашылған. Ендігі бір жұлдыздар аллеясы алматылықтар көптеп жиналатын MEGAPark сауда ойын-сауық орталығының кіреберісінде орналасқан. Енді осы Жұлдыздар аллеясында ақын Олжас Сүлейменовтің атаулы жұлдызы бар.
Дүйсенбі күні дүкенге жиналған көпшілік көзі тірі ақындарының ішінде атақтысы, жазушы-әдебиеттанушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен дидарласып, қолтаңба алып, ерекше сәттерді бастан өткерді.
Осынау қуанышты оқиғаға еліміздің ғылым, мәдениет, өнер саласындағы көрнекті қайраткерлері Асанәлі Әшімов, Мұрат Әуезов, Тимур Сүлейменов, Ефим Зуслин, Майдан Әбішев, Сафар Абдулло сынды танымал адамдар ортақтасты.
«Жұлдыздар аллеясы нарықтық экономика жағдайында үлкен дүкеннің қасында орналасқаны дұрыс, бұл қуантады. Өйткені, мәдениет те нарықтық экономиканың заңдарына бағынады. Жылдарға созылатын үлкен жобаларым бар. Сіздердің осы құрмет-қошеметтеріңіз маған шығармашылық қуат береді. Ең бастысы, ынтымақ пен тыныштық болсын. Елiмiз аман болсын! Әлемнің түкпір-түкпірін аралаймын. Мазасыз күн кешіп жатқан елдерде, шиеленісті аймақтарда да болдым. Мұндай жерлерге барғаннан кейін менің жазуға деген құлшынысымның қуаты арта түседі. Барлықтарыңызға алғысымды білдіре отырып, бұдан кейін де сіздердің құрметтеріңіздің үдесінен шығамын деп үміттенемін», – деді Олжас Сүлейменов.
Аллеядағы атаулы жұлдыздың ашылуында еліміздің танымал тұлғалары сөз алып, салтанатты оқиғаның салмағын арттырды.
«Бұл Жұлдыздар аллеясы ұзақ жасайды деген үміттемін. Өйткені, ол Олжас Сүлейменов сияқты адамдарға арналған. Бұлар – ғасырлар бойы дамып келе жатқан мәдениетке қызмет ететін адамгершіліктің жоғары дәрежесіне ие тұлғалар санатында. Мұның барлығы Қазақстанда ғана емес, бүкіл Жер шарында тыныштық болуы үшін жасалып отырған игі іс», – деді Мұрат Әуезов.
Astana Group президентінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Айдын Сұлтановтың айтуынша, Жұлдыздар аллеясында Олжас Сүлейменовтің де Жұлдызын «жағайық» деген ұсынысты актер Асанәлі Әшімов бастаған.
Олжас Сүлейменовтің жұлдызы мәрмәрдан, мыс пен жезден жасалынған. Өлшемі – 60х60 см. Алдымен Жұлдыздар аллеясында екі дүркін Олимпиада чемпионы, «ДОМ» қорының басшысы Аружан Саинның жұлдызы жанды. Аружан Жұлдызын қайырымдылықпен айналысатын қазақстандық азаматтарға арнады. Кейінірек Жұлдыздар аллеясын Олимпиада чемпионы, Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Александр Винокуровтың Жұлдызы, биылғы қыркүйек айында актер, кино және театр режиссері, сценарий қоюшы, ұстаз Асанәлі Әшімовтің Жұлдызы «жанды».
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ