• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2016

Бразилия көрмеде белсенділік танытпақ

382 рет
көрсетілді

«Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев Бразилияның Парана штатындағы Фос-ду-Игуасул қаласында Бразилия секциясының комиссары Золчир Чиапечимен кездесіп, бұл мемлекеттің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындығы туралы шартқа қол қойды. Бразилияның энергетика және тау-кен өнеркәсібі министрлігінің ұсынысымен ЭКСПО-2017 Халық­аралық мамандандырылған көрмесіне таза және жаңғыр­малы энергия өндіруде әлем­дегі көшбасшылардың бірі «Итай­пу бинасионал» компа­ния­­сы қатысатын болды. 1973 жылы құрылған бұл компа­­ния­ны Бразилия және Парагвай мем­лекеттері бірлесіп басқара­ды. Аталмыш компания екі мемле­кеттің шекарасымен өтетін Пара­на өзенінде салынған дүние жүзін­дегі ең ірі «Итайпу» гидро­электрстансасының жұмысын жүргізеді. «Итайпу» ГЭС-і екі елдің экономикасы мен энергетикасында орасан зор рөл атқарады. Бразилия мемлекеті электр энергиясына деген сұранысының 20 пайызын осы су электр стансасы өндіретін қуаттан алатын болса, Парагвай мемлекетінің электр қуатына деген сұранысының 80 пайызын «Итайпу» ГЭС-і жауып отыр. Мамандардың зерттеуі бойынша, бұл әлемдегі таза элек­тр қуатын өндіретін ең ірі стан­са болып табылады. Жұмыс іс­тей бастағаннан бергі мерзімде атал­мыш компания 2,3 миллиард мегаватт электр энергия­сын өндірген. Бұл электр станса­сының тағы бір ерекшелігі, екі мем­лекеттің ортақ су көзін басқару­дағы тамаша тәжірибесін көрсе­теді. Шекаралық өзенде орасан зор электр қуатын өндіре отырып, екі мемлекет жаңғырмалы энергиялық қуат көздерін кеңейту мақсатында тиімді бағдарламаны жүзеге асырып келеді. «Астана ЭКСПО-2017» көрме­сінің аясында «Итайпу бина­сио­нал» компаниясы био­газ, биоэтанол өндіру жөнін­дегі инновациялық жобаларын көрсете отырып, күн энергиясын пайдаланудағы озық технологияларын жария етпек. Көрмеге қатысу туралы шарт­қа қол қоюмен бірге, Брази­лия мемлекеті  елордадағы ЭКСПО қалашығындағы ең ірі пави­льон­дардың бірін иеленбек. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»