Алматы мен Парижді қауыштырды
Күні кеше 1000 жылдығын атап өткен Алматы шаһары мерейтой салтанатын Парижде жалғастырды. Ел астанасында өткен мерейтойлық тұсаукесерде Қазақстанның Франциядағы елшісі Нұрлан Дәненов, ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Геттачу Енгида және Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек сөз сөйледі.
– Өткен жылы Парижде ЮНЕСКО Бас ассамблеясына мүше 195 елдің бірауызды шешімімен Алматының 1000 жылдығы халықаралық мерейтой тізіміне енді, – деді Бауыржан Байбек. – Сол кезден бері біз елімізде 200-ден астам мәдени шара өткіздік. Париждегі бұл қауышу – қазақ халқының мәдениеті мен ұлттық дәстүрлі жалғасы деп ұғыңыздар.
Өз кезегінде сөз алған ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Геттачу Енгида мыңжылдық қаладан келген делегация құрамын шын жүректен құттықтап:
– Қазақстан ЮНЕСКО ұйымына мүше болған кезеңнен бастап әрқашанда стратегиялық серіктес болып келеді. Бүгінгі салтанатты шара сол рухани-мәдени әріптестік пен түсіністіктің жемісі, деді.
Париж көшелерінде Алматының айрықша апортының жұпар исі аңқыды. Жезтаңдай әншілеріміздің шырқай салған әндері Париж аспанында шалқыды.
Салтанатқа қала тұрғындарымен бірге, ЮНЕСКО ұйымына мүше елдердің өкілдері, Еуропаны жайлаған күллі қазақ қауымы диаспорасы қатысты.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»