«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Қарағанды облысында болды. Сапар барысында ол «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру барысымен танысып, индустриялық және агроөнеркәсіптік салалардың даму қарқынына баға берді. Сонымен қатар, партия активімен, оқу орындарының ұжымдарымен кездесулер өткізді.
«Нұр Отан» партиясы басымдық берілген мемлекеттік бағдарламалардың өңірлерде жүзеге асу қарқыны мен сапасын әрдайым бақылап отырады. Солардың ішінде «Агробизнес-2020» бағдарламасы партияның жіті қадағалауында. Бұл бағдарлама аясында мемлекет ауыл шаруашылығына 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлді.
Аталған бағдарлама арқылы аумағы бойынша Қарағанды облысында «Нәтиже» сүт фабрикасы қайта жаңғыртылды. Мемлекет тарапынан берілген 180 миллион теңгелік инвестиция кәсіпорынға шығаратын өнім түрлерін 30-ға дейін көбейтіп, ай сайынғы көлемді 1300 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары осы жылдың басынан бастап әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштеріне жүргізілген мониторинг нәтижесінде Орталық Қазақстанда оң өзгерістер байқалатынын атап өтті.
Облыс жалпы аймақтық өнімнің өсу қарқыны бойынша республикада 4-ші орында тұр. Өнім көлемі 1 триллион 21 миллиардтан астам теңгені немесе 2015 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 138 пайызды құрады.
Сондай-ақ, өткен жылмен салыстырғанда, жез, марганец, алтын, темір және қорғасын мен мырыш кендерін өндіру де артқан. Өндеу өнеркәсібінде шығарылатын өнімнің көлемі 5,5 пайызға көбейген. Бұл саладағы еңбек өнімділігі 30 мың доллардан асып, өткен жылға қарағанда, 4,7 пайызға өскен. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Биыл Қарағанды облысында егін бітік шығып, өңір тарихында алғаш рет 1 миллион тонна астық жиналды.
Мұхтар Құл-Мұхаммед облыстағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «Имсталькон» металл құрылғылары зауытында болды. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары зауыт жұмысшыларымен кездесуінде мемлекеттік индустриялық бағдарламалар аясында соңғы бес жылда өңірде 174 миллиард теңгенің 72 жобасы жүзеге асқанын айтты. Соның арқасында 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Индустрияландырудың екінші бесжылдығында 1 триллион 200 миллиард теңгенің 36 жобасын іске қосу жоспарланған. Бұл 6,5 мыңнан астам жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді.
– Географиялық тұрғыдан да, қаржылық жағынан да Қарағанды Қазақстанның басты индустриялық орталығы болып саналады. Солай болып қала береді де. Дәл осы жерде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көшбасшы ретінде қалыптасты. Қазіргі таңда Президенттің ұдайы қолдауының арқасында өңірде өндірісті дамытудың барлық бағыттары бойынша айтарлықтай өсу байқалады. Бұл, әрине, барлығымызды қуантады, – деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Қарағанды политехникалық колледжінде өткен кездесу тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне арналды.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасымен ЖОО немесе арнаулы орта оқу орнына түсе алмай қалған мектеп түлектерін кәсіби даярлау мен жұмысқа орналастыру бойынша ауқымды республикалық жоба қолға алынғанын хабарлады. Партия еліміздің әр өңіріндегі жағдайды жіті зерттеп, көмекке мұқтаж 10 мыңға жуық жасты анықтады. «Нұр Отан» олардың барлығына қолдау көрсетеді, деді ол.
Атап айтқанда, жастарды жұмысшы мамандықтары бойынша оқытып, мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғызылып жатқан нысандарға жібереді. Мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Мәселен, қазіргі таңда Қарағандыда 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып қалды. Осы құрылыста жұмыс істеген көптеген жұмысшы мұнда облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы келген. Ал мектеп «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынды. Бұл бағдарлама шеңберінде Қарағандыда осы жылдың өзінде құны 41 миллиард теңге болатын 20 нысан қолданысқа берілуі тиіс.
Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұрлы жол» бағдарламасының тиімділігін айтып: «Нұрлы жол» экономиканың барлық саласына мультипликативті әсер береді. Біріншіден, елімізде инфрақұрылым жаңғыртылады. Екіншіден, отандық компаниялар тұрақты түрде тапсырыстар алады. Үшіншіден, кәсіби-техникалық білім беретін мекемелерді ынталандырып, сол оқу орындарын бітірген түлектердің қызығушылығын оятады және жаңа жұмыс орындары ашылады. Осылайша, ауқымды президенттік бағдарламаның игілігін әрбір қазақстандық көретін болады», деді.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысы құзырлы қызметтер мен ведомстволарды жұмылдыру арқылы күн сайын бақылауға алынуы қажет екенін атап өтті. Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның облыстық филиалына осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ, партия фракциялары мен барлық деңгейдегі мәслихаттар жанындағы қаржыны жұмсауды бақылау жөніндегі комиссия жұмысының тиімділігін арттыруды тапсырды.
Облыс активімен кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Қарағанды өңірінің республикамыз бойынша айрықша маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта атқарылар негізгі жұмыстарға назар аударды.
Мұхтар Құл-Мұхаммед сапарының соңында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде болды. Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамымен, студенттерімен кездесу Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналды.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ