• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2016

Тағы да рекорд жаңарды

252 рет
көрсетілді

Еңбектің қашанда өнбегі болады. Жалқаулыққа жайдақ мініп, «алма піс, аузыма түс» деп шалжиып жатқан адамның маңдайы шылқыпты дегенді көрген де, естіген де кісі жоқ. Шын бақыттың бір формуласы еңбегіне адалдықта жатса керек. Кәсібіне жан-тәнімен беріліп, ынта-шынтасымен жасаса, байлық та, бақыт та адамды өзі іздеп табатынын күнделікті өмірден мыңдап кезіктіруге болады. Осының бір дәлелін қызылордалық диқандар да қолмен қойғандай көрсетіп отыр. Осыдан үш жыл бұрын Сыр өңірінің шаруалары Тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, күріштен мол өнім жинаған. Еңбектің өнімділігіне арқаланған диқандар қауымы ол көрсеткішті былтыр тағы бір белеске көтеріп тастаған-тын. Биыл да қызылордалық күрішшілер жолынан жаңылған жоқ. Солайша, тағы да рекордтық өнімге қол жеткізді. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығы мен екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы қарсаңында Қызылорда облысы күріштің әр гектарынан 52,8 центнерден өнім алды. Мәселен, Шиелі ауданында күріштің әр гектарынан 59,2 центнерден айналды. Жекелеген шаруашылықтар 70 центнерден астам өнім жинауда. Айталық, «Мағжан және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 71 центнер өнім алса, «Ақтөбе және К» ЖШС гектарына 94,5 центнерден жинады. Айта кету керек, рекордтық өнім 3,8 мың га күріш алаңын азайту, тұқым сапасы мен жердің мелиоративтік жай-күйін жақсарту есебінен алынып отыр. Жылдан жылға күріш экспортының көлемі ұлғайып келе жатыр. Яғни Қызылорда облысы жылына 50 мың тонна күріш экспорттайды. Биыл Иран нарығына 5 миллион тонна күріш шығару үшін Қызылорда облысында сұранысқа ие ирандық сортты тәжірибелік сынақтан өткізу  жұмыстары басталды. Оның  бағасы қазақстандық күріштен 5 есе жоғары. Бүгінде аймақ Мазандаран провинциясына күріш жеткізу үшін алдын ала келісім жасауда. Ерте көктемнен егіс басында жүріп, алқаптағы аласапыран жұмысты атқарған диқандар қауымының еңбегі осылайша нәтижелі болып, барақатқа бөленіп жатыр. Ал енді осыны бақыт демей көріңізші?! Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы Суретті түсірген Максим Рожин

Шиелі ауданында күріштің әр гектарынан 59,2 центнерден айналды. Жекелеген шаруашылықтар 70 центнерден астам өнім жинауда.

Айталық, «Мағжан және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 71 центнер өнім алса, «Ақтөбе және К» ЖШС гектарына 94,5 центнерден жинады.