• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2016

Көшпелі отырыс көп түйткілді тарқатты

341 рет
көрсетілді

Оңтүстікте Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі мәжілісі өтті. Облыстың барлық билік құрылымы қатысқан жиында комитет төрайымы Гүлжан Қарағұсованың төрайымдығымен «Бюджетаралық реттеудің негізгі функцияларының бірі ретінде өңірдің бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіру және салықтық әлеуетінің өсуін ынталандыру» мәселесі қаралды. Көшпелі жиынға Қаржы ми­нис­трлігі Мемлекеттік кіріс коми­тетінің төрағасы Д.Ерғожин мен Пар­ламент Мәжілісінің он екі депутаты қатысты. Өңір үшін өте маңызды мә­се­леде сөз алған облыс әкімі Жан­­сейіт Түй­мебаев: «Бүгінгі отырыс­та талқы­ланатын мәселе өте маңыз­ды. Себебі, өңіріміздің бюджеті – респуб­лика бойынша ең үлкен бюджет. Тек соңғы 7 жылда облыс бюджеті 2,5 есеге өсіп 559 млрд теңгеге жет­ті. Осыған орай, біз­дің басты мін­дет – бюджеттен жұм­салған әр теңге­нің облыс экономикасына тигізе­тін әсерінің нәтижелі болуын ұйым­дастыру. Себебі, бюджет қаражаты есебінен облыс халқының көптеген әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері шешіледі», – деді. Жиында баяндама жасаған комитет мүшесі Омархан Өксікбаев бюд­жетаралық қатынастарды ұйым­­дастыруды жақсарту, сондай-ақ, оларды одан әрі жетілдіру ба­ғыт­тарын дұрыс таңдауды қамтамасыз ету ортақ мәселе екендігін айтты. Қазақстан өсу, даму үстінде. Оның тек облыстарға бөліп отыр­ған қаржысының өзі көршілес мем­ле­кеттердің бір жылдық бюджетімен пара-пар. Анау бір жылы Оңтүстік Қа­зақстан облысына бөлінген қар­жы Қырғызстан мемлекетінің кірі­сімен тең екендігі мысалға келті­ріл­ген еді. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр жасаған баяндама­сында бюджетті жоспарлау мен орындау тетіктерін тұрақты жетіл­діру нәтижесінде облысымызда Тәуелсіздік алған жылдардан бері 1491 мектепке дейінгі ұйым ашылып, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 14%-дан 83,3%-ға жеткені айтылды. Сондай-ақ, осы жылдарда облыста 444 жаңа мектеп салынып, 117 апатты мектептің мәселесі шешілді. Денсаулық сақтау саласында 347 жаңа нысан пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, облыста 8,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 100 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Сонымен қа­тар, орталықтандырылған сумен қам­ту 51,9%-дан 71,3%-ға және газбен қамту  33,1%-дан 57,2%-ға жетті. Ерекше көңіл бөліп айта­тын мәселе, өңіріміздің эконо­ми­касына бюджет есебінен көрсе­тілген қолдау нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 11,4%-дан 5,2%-ға төмендеді. Сонымен қатар, мұға­лімдердің, денсаулық сақтау, жал­пы алғанда, барлық бюджеттен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлерінің еңбекақысы кө­бейді, деп талдау жасап берді. Бұдан кейін Парламент Мәжі­лісінің Қаржы және бюджет ко­ми­тетінің төрайымы Гүлжан Қара­ғұсова бастаған депутаттар тобы «Шымкент» кедендік рәсімдеу орта­лығында болды. Көшпелі мәжілісті қоры­тын­дылаған Гүлжан Қарағұсова Оңтүс­тік Қазақстан облысының үлкен қар­жыға оншалықты зәру еместі­гін атап көрсетті. Өткен жылмен са­лыс­­тыр­ғанда салықтың 50 пайызға артық жиналғандығы өңірде кә­сіпкерлік саласының үлкен қар­­қынмен дамып келе жатқан­дығын бай­қататынын айтты. Ке­ден­дік рәсімдеуге қатысты кәсіпкер­лер айтқан мәселе­лерге талдау жасаған төрайым салық және ке­ден заң­на­маларын жетілдіру жайында ұсы­ныстар жинақталып жатқандығына көңіл аударды. Өңірдегі өзгерістерді, күрмеу­лі мәселелерді Парламент қабыр­ғасынан аттап шықпай, орынтақта отырып шешу көп жаңсақтыққа жол бергізеді. Көшпелі мәжілісте депутаттар тұрғындардың өтініштерін, ұсы­ныстарын тыңдау арқылы жер­гілікті жердегі жағдайға қаны­ғып қайтты. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы