Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына құттықтау хат жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Онда былай делінген: «Құрметті театр ұжымы! Сіздерді қазақ сахна өнерінде өзіндік бай тарихы қалыптасқан Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының құрылғанына 70 жыл толған мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Еліміздің іргелі рухани орталықтарының бірі ретінде жасампаз халқымыздың және жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тарихи сананы жаңғыртып, өнерді өрге сүйреп келе жатқан бұл театрдың отандық мәдениеттің мәуе жаюына қосқан үлесі қомақты деп білемін.
Өзінің 70 жылдық белесінде балалар мен жасөспірімдер театры дәріпті дәстүрін қалыптастырып, талантты қаламгерлердің көрнекті шығармаларын сахналап, жұртшылықтың ықыласы мен құрметіне бөленген небір дүлдүл дарындар мен дарабоз саңлақтардың киелі шаңырағына айналды.
Ұжымдық өнер саналатын театрда бүгінде шығармашылық құрамнан бастап техникалық қызметкерлерге дейінгі 200-ден астам адам бір қолдың саласындай бірлесе қызмет етіп, ұлттық сахнаны мазмұндық жағынан жаңа жетістіктерге жетелеуде.
Алдағы уақытта да мәртебелеріңіз биік, мерейлеріңіз үстем болып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев белгілеп берген «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылығын сахна өнері арқылы халықтың санасына сіңіруге қолтаңбаларыңызды қалдыра беретіндеріңізге сенімдімін».
Мемлекеттік хатшы құттықтауының соңында балалар мен жасөспірімдер театрын Қазақстанның мәдени өміріндегі жарқын жаңалық, елеулі белес – бүгінгі мерейтойларымен құттықтай отырып, ұжым мүшелеріне зор денсаулық, отбасыларына бақыт, шығармашылық табыс тілейді.