• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Қазан, 2016

Катодты мыс өндіру кешендері салынады

505 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында металлургия саласы бойынша екі бірдей инвестициялық ірі жоба іске асырылмақшы. Жалпы құны 14,5 млрд теңге болатын бұл жобалар облыс әкімдігінде өткен Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жөніндегі кеңес отырысының қарауына ұсынылған болатын. Аталған кеңес өндіріс саласын өркендетуге септігі тиетін бұл жобаларды 2015-2019 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізуді бірауыздан мақұлдады. Облыстың Шет ауданында орналасатын «Катодты мыс шығару бойынша зауыт құрылысы» жобасын «Saryarka Copper processing» ЖШС жүзеге асырмақшы. Жаңа зауыт салынып біткен соң, ол өндірістің толық циклін атқаратын кешенге айналады. Мысалы, кенді қазып алып, шикізатты өңдеуге дайын­дап, сонан соң барып катодты мыс өндіру сынды жұмыстардың барлығы да зауыттың өз ішінде атқарылатын болады. Катодты мыс өндіретін кешен іске қосылғаннан кейін бұл жерде 350 адам жұмыспен қамтылады. Өндірісі жоғары технологияға лайықталған зауыттың өнімін болашақта Қытай мен Еуроодақ елдерінің нарығына шығару көзделген. Металлургиялық өндірісті дамыту және катодты мыс экспортын арттыруға бағытталған тағы бір жоба Балқаш қаласында іске асырылады. Қазірдің өзінде бұл жерде «Эдванс Майнинг Технолоджи» фирмасы Саяқ кен орнындағы қалдықтардан SX-EW әдісі бойынша мысты сілтісіздендіріп айыратын тәжірибелік зауыттың құрылысын бастап кетті. Жобаның жалпы құны 513 млн теңге. Жаңа зауыттың өнімдері алдымен ел ішіндегі қажеттілікті өтейтін болады. Сонымен қатар, Ресей, Қытай, Түркия және Еуроодақ елдеріне экспортқа шығару да жоспарда бар. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ