Кеше Парламент Мәжілісінде кейбір заңнамалық актілерге экстремизм мен терроризмге қарсы іс-әрекет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын дайындайтын жұмыс тобының 11-ші отырысы болды. Оған ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы сарапшылары қатысты.
Бұл заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда қаралып, талқыланған болатын. Депутаттар тарапынан екінші оқылымға дайындау кезінде ескеру үшін көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылған. Оның үстіне, Мәжіліс ЕҚЫҰ-ның Астанадағы кеңсесі осы Ұйымның Демократия институттары және адам құқы жөніндегі бюросына (ДИАҚБ) аталмыш заң жобасына құқықтық сараптама жасап, өз пікірлерін білдіруді сұраған екен. Кеше ДИАҚБ-ның заңнамалар жөніндегі кеңесшісі Анна Лиза Шатило мен гуманитарлық құқық және халықтық құқық жөніндегі тәуелсіз сарапшы Милен Костас заң жобасы жөніндегі өздерінің сараптамасы туралы жұмыс тобының алдында баяндама жасады. Айта кететін жайт, отырысты жүргізіп отырған жұмыс тобының жетекшісі депутат Жанат Жарасов ЕҚЫҰ-ның заң жобасына уәде берген уақыттарынан бір күн де кешіктірмей сараптама жасап бергендеріне ризашылығын білдірді.
Алғашқы сөз ЕҚЫҰ Астанадағы кеңесінің басшысы Дьердь Сабоға берілді. Ол Мәжілістің осындай заң жобасын өздерімен ақылдасып қабылдағалы жатқанына ризашылығын білдірді. Бұл – Қазақстанның демократия принциптерін қатаң сақтайтындығының айқын көрінісі, сонымен бірге, бұл біздің берік ынтымақтастығымыздың белгісі, деді ол. Одан кейін сөз Анна Лиза Шатило мен Милен Костасқа берілді. Екі шешеннің сөздерін қорытындылап, олардың дәндерін ғана алатын болсақ, ол мынаған саяды: Қазақстанның терроризм мен экстремизмге қарсы заңнамаларын қатаңдатып жатқанын қолдаймыз, сонымен бірге, адамның еркін қозғалысын, тұрғылықты жерін таңдау құқын, сонымен қатар, өздерінің ойын интернет немесе басқа да байланыс құралдары арқылы айтуына шектеу қойылмағаны жөн. Сонымен қатар, сарапшылар «экстремизм» мен «терроризм» және басқа да қылмыстардың заңнамалық түсініктері айқындала, нақтылана түссе деген тілектерін жеткізді.
Сондай-ақ, сарапшылар «басшылық жасау», «қатысу», «айналдыру» және «дайындық» секілді терминдерге дәл анықтама берілуі керектігін айтты. Ал «Көші-қон туралы» Заңның 14-бабының соңғы азатжолын артық деп тауыпты. Оның есесіне, ұлттық қауіпсіздік органдарының виза беруге, тұрақты тұруға және азаматтық беруге қатысты ұсынымдары олардың шешімдеріне шағым айту мүмкіншілігі туу үшін жазбаша берілуі керектігі көлденең тартылды.
Сарапшылар халықаралық стандарттарға сай келмейтін кейбір баптар туралы да айтып өтті. Соның ішінде Қылмыстық кодекстің 179- бабына енгізілген «билікті басып алуға немесе күшпен ұстауға насихат тарату немесе ашық шақырулар, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгерту» деген тіркестердегі «насихат» сөзі өте үлкен сипатта екенін, сондықтан, ол басқа ұғым туғызуы мүмкін екенін атап көрсетті.
Мойындарына білікті, жан-жақты сараптама жасаудың міндетін алған соң сарапшылар барлық өзгерістерге де шұқшия қарағандары аңғарылды. Ал баяндамалар аяқталған соң олардың сөздері мен ескертпелері бойынша сөйлеген Ж.Жарасов ескертпелердің біразының терістігін әшкерелеп, өзгерістердің көбі Еуропа мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес болып шыққандығын дәлелдеп берді. Дегенмен, сарапшылар тарапынан айтылған кейбір ұсыныстар тереңірек зерттелетіндігі жеткізілді.
Талқылауға депутаттардан басқа ҮЕҰ, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысып, өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»