Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Мажарстан Сыртқы экономика және сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Жолт Чуторамен кездесті, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Жүздесушілер Қазақстан мен Мажарстан қатынастарының стратегиялық сипатын атап өтті.
Сенатор өткен жылғы желтоқсанның аяғында Қазақстан мен Еуроодақ арасында Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімге қол қойылғанына назар аударды. «Біз Мажарстанның Мемлекеттік жиналысымен қоса, Еуропалық одаққа мүше барлық мемлекеттердің ұлттық парламенттері Келісімді тезірек ратификациялайтынына сенім артып отырмыз»,– деді Д.Назарбаева.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы айта келіп, тараптар екіжақты тауар айналымын арттыру қажеттігін атап өтті. Сенаттағы Мажарстанмен ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топтың жетекшісі Д.Назарбаева екі ел арасындағы туристік сапарларды жиілетудің маңыздылығына тоқталды. Сенатор Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі аясында мажарлық саяхатшыларды Қазақстанға келуге, сондай-ақ мажарлық инвесторларды Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында өндіріс ұйымдастыруға шақырды.
Ж.Чутора Д.Назарбаеваға бірлескен инфрақұрылымдық және білім беру жобалары туралы хабардар етті. Ол Мажарстан 200-ге жуық қазақстандық студентті, оның ішінде, аграрлық сала мамандықтары бойынша тегін оқытуды жоспарлап отырғанын айтты.